Петропавлда Бірлік күніне арналған жүгіру марафоны да ұйымдастырылды. Спорттық шараға қала тұрғындары, оның ішінде ерекше балалар мен олардың ата-аналары қатысты. Қалалық саябақтың іші, таңғы таза ауа, қолайлы ауа райы. Нағыз бой жазатын күн. Салауатты өмір салтын қолдайтын жерлестеріміз дайын тұр. Бағындыратын қашықтық бірдей. Мерекелік шарада үлкен де, кіші де 1 шақырымды жүгіріп өтулері керек.
Ерекше ұл-қыздарды, адамдарды қолдау, оларды қоғамға, спортқа жақындату мақсатындағы осындай марафон таяуда Астанада өтіпті. Оған «Ерекше балалар одағы» бірлестігі облыстық филиалының өкілдері қатыса алмаған. Есесіне жерлестеріміз бастаманы жақында Петропавлда қолға алу жайлы шешімге келген екен. Жүгіру кезінде қамқорлық сәті бірнеше мәрте көрініс тапты. Жарыс жолындағы теріскейліктер бір-бірін қолдап, мәреге қарай бағыт алды. Бірлік күніне арналған марафон сайыс емес, бұл – адамдарды біріктіретін игі шара.
ЕКАТЕРИНА ИВАНОВА, «Ерекше балалар одағы» РҚБ СҚОФ жетекшісі:
— Бүгінгі шараның басты мақсаты – ерекше балалар мен олардың ата-аналарына қоғамның қолдауын көрсету, сондай-ақ олар да қоғамның тең құқылы мүшесі екенін жеткізу. Біз бұл бастама арқылы адамдарды тағдырдың тәлкегіне ұшыраған ұл-қыздарға деген көзқарасын өзгертіп, түсіністік таныту мен қабылдауға шақырамыз. Қазіргі таңда ұйымымыз 35 отбасыны біріктіріп отыр. Өкінішке қарай, олардың саны күн сайын артып келеді.
Жалпы, Бірлік күніне арналған жүгіру марафонына 60 адам қатысты. Сайыс соңында олардың барлығы марапат алды және ұйымдастырушылар тарапыпан мерекелік құттықтау қабылдады.
Жангельді Жамалиев