Қоғам

Бірлік күні қарсаңында “AMANAT” партиясының облыстық филиалы жаңа мүшелермен толықты

Ел бірлігі күні қарсаңында облыс орталығында «Аmanat» партиясының ұйымдастыруымен қоғамдық бастамалар мен партиялық жұмысты дамытуға арналған кездесу өтті. Басқосуда өңірдегі әлеуметтік жобалардың орындалу барысы мен азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Қатысушылар ортақ міндеттерді тиімді жүзеге асыру жолдарын талқылап, пікір алмасты.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, “AMANAT” партиясы СҚОФ фракциясының мүшесі, қалалық мәслихат депутаты:

— Қазіргі таңда партиямыздың жобалары аясында көптеген шаралар жүзеге асырылып, олар қоғамның барлық саласын қамтып отыр. Бұл бастамалар мүмкіндігі шектеулі жандарға, әйелдерге және кәсіпкерлерге бағытталған. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде тұрғындар күн сайын келіп, өз өтініштерін білдіреді, ал депутаттар оларды жан-жақты қарастырып, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешуге жұмыс жүргізуде.

Жиын барысында партия қатарына жаңа мүшелерді қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты түрде 6 жаңа өкіл ұйым қатарына қосылып, оларға партия билеттері табысталды. Бұл қадам азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына ықпал етеді. Партия қатарына қабылданған жаңа мүшелердің қатарында спорт саласының өкілдері де бар. Солардың бірі – Ақжан Нәкенов. Ол “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығында жаттықтырушы болып еңбек етеді. Ақжанның айтуынша, партия қатарына қосылудағы басты мақсаты – қоғам игілігі жолында тер төгу.

АҚЖАН НӘКЕНОВ, “Жас жауынгер” дене шынықтыру-сауықтыру орталығының жаттықтырушысы:

— Партия қатарына қосылудағы мақсатым – қоғамдық белсенділігімді арттырып, жастарды спортқа баулу ісіне өзіндік үлесімді қосқым келеді. Осы ретте әсіресе мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дене шынықтыру бағытын дамыту маңызды.

Айта кетейік, бүгінде «Аmanat» партиясына 30 мыңға жуық солтүстікқазақстандық мүшелік етеді. Олардың жартысынан астамын қазақтар, қалған бөлігін өзге ұлт өкілдері құрайды.

Жангельді Жамалиев