Білім

Түркияда таңғалдырған жас таланттар

Солтүстік Қазақстан облысының жас дарындары Түркияның Анталия қаласында өткен Халықаралық робототехника чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Жерлестеріміз бірнеше аталым бойынша бақ сынады. Нәтижесінде қоржынға алтын, күміс және қола жүлде түсті.

ДИНА ӘБІЛМӘЖІНОВА, «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайының директоры:

— Ерекше қуанышты сәт. 2025 жылы желтоқсан айында AZ GROUP компаниясымен меморандумға қол қойдық. Бұл бізге республикалық робототехника жарыстарына қатысуға зор мүмкіндік берді. Оқушылар сарайының ұстаздары мен оқушылары 4 команда болып дайындалып, робототехника сайысына қатысып, Түркия мемлекетіне 4 квота жеңіп алды.

Яғни, жас таланттар аз уақыттың ішінде халықаралық додада жүлде еншілеп отыр. Түркияда таныстырылған ерекше жұмыстың бірі – интеллектуалды контейнерлер. Олар тасталған қоқысты автоматты түрде сұрыптайды.

ЛӘЙЛІМ БАЗАРБАЕВА, С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

— 2 жылдан берін қатысып келемін. Жаттықтырушыларыма ризашылығымды білдіремін.

Айта кету керек, Анталия қаласында өткен біріншілікке Еуразияның 11 елінен 600-ден астам команда қатысқан. Өңіріміздің, Қазақстанның намысын қорғаған 4 команда келесі додаға жолдама алыпты. Ол сайысты Италия елі өткізеді.