Экология

Мектеп бітіруші түлектер ағаш отырғызды

Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектептің түлектері оқу орнының ауласына қарағай көшеттерін отырғызды. Игі іс арқылы ұл-қыздар қоршаған ортаға титтей де болсын пайдасын тигізгісі келеді. Айта кету керек, шара “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткізіліп отыр.

ЖІБЕК ЖАМОЛДА, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің директоры:

— Түлектердің мектеп алдына ағаш отырғызуы игі дәстүрге айналған. Білім ұясының аумағы жап-жасыл болғанын қалаймыз.

Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мына ұл-қыздар бұл маңызды істі міндет емес, парызымыз деп санайды. Алдағы уақытта да аталған игі дәстүр жалғасатынына сенеді.

АРУЖАН ТАБЫЛДЫ, Ж.Тәшенов атындағы №20 орта мектептің 11-сынып оқушысы:

— Біз осы әрекетіміз арқылы экологияға пайдамызды тигізгіміз келді. Артымыздан еріп келе жатқан іні-сіңлілеріміз таза ауамен тыныстап, жасыл желекте ойнағанын қалаймыз. Бірнеше жылдан кейін мектепке келгенде ағаштардың жайқалып өсіп тұрғанын қалаймын.

Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектепте 250 бала тәлім алады. Биыл білім ұясынан 26 түлек түлеп ұшады.