Білім

“Адал азамат”: білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысы талқыланды

Петропавлда «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын білім беру үдерісіне енгізуге арналған облыстық семинар өтті. Іс-шараға 70-ке жуық педагог қатысты. Жиын барысында тәрбие жұмысын жаңғырту және оны оқу үдерісімен тиімді ұштастыру мәселелері қарастырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, заманауи әдіс-тәсілдерді ортаға салды.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, әдістемелік орталық директорының орынбасары:

— Ұлттық құрылтай барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын барлық білім беру деңгейіне енгізу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған сәйкес, бүгінгі семинарда бағдарламаны оқу үдерісіне тиімді енгізу жолдары қарастырылады. Семинар аясында 3 секция жұмыс жасап, ашық сабақтар, кейс-стади және сұрақ-жауап форматында оқытушылар өз тәжірибелерімен бөліседі.

Семинар аясында педагогтер оқыту мен тәрбиені ұштастыруға бағытталған тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынды. Басты назар білім алушылардың белсенділігін арттыратын практикалық жұмыстарға аударылды. Мұндай тәсілдер олардың сыни ойлау қабілетін дамытып, пәнге деген қызығушылығын арттырады.

ҚАЗБЕК ҚАБДУЛЛОВ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

— Тәжірибемде «Адал азамат» бағдарламасын сабақпен ұштастырудың түрлі жолдарын қолданамын. Соның бірі – сот сабақтастығы әдісі. Бұл тәсілде білім алушылар белгілі бір жағдайды негізге алып, рөлдерге бөлінеді: судья, айыптаушы, қорғаушы және куәгерлер. Олар мәселені жан-жақты талдап, дәлелдер келтіріп, пікір алмасады. Сабақ соңында қорытынды шешім шығарылады. Осы әдіс арқылы студенттер әділдік, жауапкершілік және адалдық ұғымдарын тереңірек түсінеді.

Айта кету керек, мұндай тәжірибелік әдістер білім беру үдерісін жандандырып, «Адал азамат» бағдарламасының мазмұнын тиімді меңгеруге жол ашады.

Жангельді Жамалиев