Мәдениет

Ұлттық кітап күніне арналған флешмоб өткізілді

Ұлттық кітап күні қарсаңында Петропавлда ауқымды “Кітап – менің досым” атты мәдени-бұқаралық іс-шара өтті. Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған бастамаға 320-ға жуық оқушы қатысты. Олар әдебиет әлемінде ойып тұрып орын алар Абай мен Пушкин ескерткіші маңына жиналып, “Кітап” сөзін жазды. Ұл-қыздардың қолында туындылар бар. Бұл көрініс әуеден ерекше әдемі көрінді.

КӨГЕРШІН БЕРДАҒҰЛОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының директоры:

— Өздеріңіз білесіздер, қазір жастар арасында кітапханаға келіп, оқу залында кітап оқу мәдениеті жоқ. Сондықтан, біз кітап оқу мәденетін насихаттау мақсатымен қызықты форматта іс-шаралар өткізуге тырысамыз. Солардың бірі бүгінгі флешмоб болып табылады.

“Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге” деп дана Абай бекер айтпаған. Әр шығарма – тағылымы мол қазына. Ерекше флешмобқа №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 8-11-сынып оқушылары қатысты. Бұлар – кітапсүйер жастар. Флешмоб ұйымдастырушыларының айтуынша, осыған ұқсас шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал кітап оқуды әдетке айналдырғысы келетін жастар үшін кітапхананың есігі әрдайым ашық.

 

Жаннұр Бектұрғанова