Балалар

Қала жастары Ұлттық кітап күніне орай ерекше шара ұйымдастырды

Петропавлда Ұлттық кітап күніне орай ерекше акция ұйымдастырылды. Шаһар жастары бірігіп, қаладағы адам көп келетін орындарда жаппай кітап оқыды. Басты мақсат – оқырмандардың санын көбейту, рухани қазынамызды дәріптеу. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті Ернар Жолдасбай кітапты тұрақты түрде оқып жүргеніне 10 жылға жуықтапты. Жігерлі жас Дулат Исабековтің еңбектерін оқығанды жаны сүйеді.

ЕРНАР ЖОЛДАСБАЙ, М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:

—  Дулат Исабековтің “Сүйекші” кітабын оқып жүрмін. Туындыда басқалардың қателігінің салдарынан кішкентай бала өмір бойы зардап шеккені жазылған. Фильмдерде оқиғалар кітап сияқты бүге-шүгесіне дейін көрсетілмейді.

Кітап оқып отырған балаларды кездейсоқ көріп қалған қоғам белсендісі Бурахан Дақановтың қуанышында шек жоқ. Ол өңір жастарының бастамасын қолдайды. Теріскейде оқырмандардың саны еселеп артқанын қалайды.

БУРАХАН ДАҚАНОВ, қоғам белсендісі:

—  М.Жұмабаев, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов шыққан теріскей жұрты кітап оқудан кенде емес. Әлеуметтік желі дамыған заманда кітап оқу аса маңызды. Цифрлық платформалар мен жасанды интеллект бізге кітап берген білімді бере алмайды.

Бұл күні игі акция шаһардың жер-жерінде ұйымдастырылды. Ахмет Байтұрсынұлы “Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы” деп бекерден-бекер айтпаған. Балалар ерте жастан оқулыққа қызығып, сүйіспеншілігі жоғары болса одан елін ойлайтын азамат шығады.

АДЕЛЬ БЕКЕНОВА, қалалық №20 орта мектептің оқушысы:

— Кітапты 8 жасымнан бері тұрақты түрде оқимын. Фантастика жанрын жаным сүйеді. Кітаптың арқасында сөздік қорым байыды.

“Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ”. Ұлттық кітап күніне арналған шара апта бойы жалғасын табады. Жүздеген оқушы ондаған нысанға барып, тұрғындарды кітап оқуға шақырады.

Нұрасыл Ахмет