Қызылжар ауданында ылғал жабу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Маңызды іске “СК-Вагулинское” серіктестігі 2 күн бұрын кіріскен. Алқаптарында 6 техника жүйткіп жүр. Қазіргі таңда еңбеккерлер күні-түні еңбек етуде. Басты мақсат – танаптағы ылғалды сақтап қалып, егіс жұмыстарын ерте бастау.
ЕРҒАЛИ ТАБЫЛДИНОВ, “СК-Вагулинское” ЖШС бас агрономы, Қызылжар ауданы:
— Биыл 8 мың гектар алқапқа дән сіңіреміз. Оның басым бөлігі дәнді-дақылдарға арналған. Биыл тұқым ауыстырдық. Оны Ресейден әкелдік. Мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді. Бізге жеңілдетілген пайызбен несие берілді. Қаржыға жанар-жағармай мен минералды тыңайтқыш сатып алынды.
Түсірілім барысында алқапта талмай еңбек етіп жүрген механизаторлармен тілдестік. Олар қыс бойы техникаларды жіті тексеріп, маңызды науқанға дайындаған. Себебі, маңызды іс барысында біреуі істен шықса, жұмыс қарқыны бәсеңдеп қалады.
АЛЕКСАНДР ФРОЛОВ, “СК-Вагулинское” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:
— Ылғал жабу жұмыстарын ерте бастауға жаңбыр кедергі келтірді. Кейбір алқаптарымыз әлі кеппеді. Ауа райы дұрысталса екен деп тілеп отырмыз. Соңғы жылдары техникалар жаңарып, жұмысымыз жеңілдеді. Маған серіктестіктегі еңбек шарттары ұнайды. Жалақымыз тұрақты түрде беріледі. Сыйақы да алып жүрміз.
Серіктестік мамандары ылғал жабу жұмыстарын бір аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кету керек, биыл Қызылжар ауданында көктемгі егіс науқанына 200-ге жуық агроқұрылым шығады. Олар 197 мың гектар аумаққа дән сіңіреді.
Нұрасыл Ахмет