Қоғам

Арман орындалған күн! Петропавлда әлеуметтік осал топтағы отбасылар баспаналы болды

Көпті қуантқан қоныс той! Петропавлда үй кезегінде тұрған 50-ге жуық отбасыға су жаңа пәтердің кілті табысталды. Оның 80 пайызы – әлеуметтік осал топтағы жанұялар. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, қуаныштан төбелері көкке бір елі жетпей тұрған жандарды құттықтады.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Бүгін облыс орталығында үлкен той болып жатыр. Баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Мына дүйім жұрттың қуанышында шек жоқ. Себебі, олар бірнеше жыл бойы “Отбасы банкінде” пәтер кезегінде тұрды. Осы күнді көп күтті. Көпқабатты баспананың алдында кішігірім той болды десек қателеспейміз. Шашу шашылып, ізгі тілектер айтылды. Салтанатты шараға “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова арнайы келген.

ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, “Отбасы банк” АҚ басқарма төрағасы:

— Пәтер кілті табысталғандардың арасында көпбалалы отбасылар, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жандар және мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Тұрғындарды «Отбасы банктің» салымшысы болуға шақырамын.

Салтанатты шарадан кейін облыс әкімі әр баспанаға кіріп, жасалған жағдаймен танысты, тұрғындармен тілдесті. Үйлердің іші кең. Іші жарық әрі жайлы. Қуаныш иелері өңір жетекшісімен кездесу барысында алғыстарын білдірді. Никита Куликов – балалар үйінің тәрбиеленушісі. 22 жастағы қала тұрғыны осыдан 10 жыл бұрын кезекке тұрған.

НИКИТА КУЛИКОВ, үй иесі:

— Кәмелетке толғаннан кейін жұмыс істеп, ақша жинай бастадым. Осыдан 2 ай бұрын банктен хабарласып, жеңілдікті бағдарлама бойынша баспаналы болатынымды жеткізді. Бірден қажетті құжаттарды жинадым. Арманымның орындалғанына қуанып тұрмын.

Меруерт Мұқыжанова – мемлекеттік қызметкер. Бүгін оған екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Нәзікжандының қуанышында шек жоқ. Ол жұбайымен бірге жаңа пәтерге тез арада көшуді жоспарлап отыр.

МЕРУЕРТ МҰҚЫЖАНОВА, үй иесі:

— 16 жыл бойы пәтер жалдап тұрдым. Осы күнге жеткеніме сенбей тұрмын. Баспана толығымен көңілден шықты.

Айта кету керек, биыл облыста үй кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасы баспаналы болады. Бұл – соңғы жылдардағы рекордты көрсеткіш.

Нұрасыл Ахмет