Құқық қорғау органдары

Тәртіпсіз жүргізушіге 130 мың теңгенің шамасында айыппұл салынды

Петропавлда түн тыныштығын бұзған тұрғын ұсталды. Ол Қазақстан Конституциясы көшесі бойында жұртшылықтың зәре-құтын қашырған

Полицияға түнгі 3-тің шамасында қоңырау түскен. «BMW» автокөлігін басқарған белгісіз адам супермаркеттердің бірінің маңында қауіпті маневрлер жасаған. Бұл әрекетті бейнебақылау камераларымен қатар, кездейсоқ өтіп бара жатқан азамат телефонына түсіріп алыпты.

СЕРІК ӘЛЖАНОВ, Петропавл қалалық ПБ бастығы:

—Полиция қызметкерлері көп ұзамай құқық бұзушыны анықтап, оны уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Облыс орталығының 18 жастағы тұрғынына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар жиналды. Ал 13 сәуір күні құқық бұзушы сот алдында жауап берді. Жалпы, жаяу жүргіншілер көшесінде түнгі дрифт жасағаны үшін ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 4 бабы бойынша жауапкершілікке тартылды: “апаттық жағдай туғызу”, “маневр жасау қағидаларын бұзу”, “тыныштықты бұзу” және “ұсақ бұзақылық”.

Яғни, тәртіп бұзған жүргізуші айыппұл арқалады. Сот оған 129 749 теңге төлеуді міндеттеді.

Байболат Құлтанов