Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Мүмкіндікті “шектеген” пандус

Қала тұрғыны Дина Мезенбекова – 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Ол қазіргі таңда Горький көшесі, 20 мекенжайында орналасқан көпқабатты баспанада тұрады. Арбаға танылған азаматша біреудің көмегінсіз үйінен шыға алмайды. Себебі, баспанадағы электрлік пандус қаңтардан бері жұмыс істемей тұр. Нәзікжанды әкімдікке, көпқабатты баспананы салған мердігерге де хабарласқан. Бірақ, әлі күнге дейін нәтиже жоқ.

ДИНА МЕЗЕНБЕКОВА, қала тұрғыны:

— Арнайы мамандар шақыртып, пандусты тексерттік. Қондырғы істемек түгілі, талапқа сай болмай шықты. Өз басым баспаналарға темір жақтаулы құйылмалы пандус орнатылғанын қалаймын. Себебі, “Жас өркен” ықшам ауданында жарық жиі сөнеді. Электр қуаты өшкен сайын үйімізден шыға алмай қаламыз.

Дина Хайдарқызының екі кішкентай баласы бар. Нәзікжанды күнде далаға шығып, серуендегісі келеді. Дүкен, дәріхана мен емханаға өзі барады. Нәзікжанды баспанадан шығу үшін көршісінен немесе жолай өтіп бара жатқан адамнан көмек сұрауға мәжбүр. Қалалық мәслихат депутаты Сәлімхан Сәбитов шаһардағы баспаналардың көбінде пандус жоқ екенін жеткізді. Мәселені шешу жолдарын ұсынды.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, қалалық мәслихат депутаты:

— Жобалық-сметалық құжаттаманы тексеретін комиссияның құрамына мүмкіндігі шектеулі қоғам белсенділерін енгізсе екен деймін. Біз де өз ұсыныстарымызды жеткізгіміз келеді.

Нәзікжандының базынасы бойынша қалалық әкімдікке хабарласып, мәселені жеткіздік. Жауаптылар жауаптан қашпады.

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің баспасөз хатшысы:

— Жақын арада мердігер ұйым “Тұрғын үй инспекциясымен” бірлесіп, электрлік пандустың жай-күйін анықтауға барады. Пайда болған ақауларды жояды. Тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасында стационарлық пандус қарастырылмаған. Бұл мәселе алдағы уақыт МИБ бастамасымен қарастырылуы мүмкін.

Бұл хабарды үміт отын өшірмеген жерлесімізге жеткіздік. Олар айтылғанның барлығы уәде күйінде қалмаса игі болар еді дейді.

 

Нұрасыл Ахмет