Балалар

Ерекше балаларға – ерекше қолдау

Ерекше балаларға ерекше күтім қажет. Осы бағытта Петропавлдағы аутизмге шалдыққан балаларға арналған “Асыл мирас” орталығы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір орталықта 80 бала арнайы бағдарламалар бойынша сауықтыру шараларынан өтіп жүр. Әр балаға жекелей жіті назар аударылады.

НАЗГҮЛ ТОРТУЛОВА, “Асыл мирас” орталығының жетекшісі:

— Аутизмді көп адам ауру деп ойлайды. Бірақ, ол қате түсінік. Ол – адамның бойында туа біткен ерекшелік. Біз осы бағытта жұмыс жасайтын орталық ретінде балаларға өмірде қажет ететін дағдыларды қалыптастыруға және бейімделуіне мүмкіндігінше көмектесеміз.

Аутизм көзге бірден білінбейді, өсе келе қимыл-қозғалыс пен мінез-құлық арқылы танылады. Сәуле Ғаббастың 6 жасар ұлы Ескендір аталған дертке шалдыққан. Бауыр еті баласының бойында осындай ерекшеліктің барын 2020 жылы білген. Содан қала тұрғыны баласын аталған орталыққа әкелген. Мұнда педагог, психолог, дефектолог сынды 10-нан астам маман жұмыс істейді.

СӘУЛЕ ҒАББАС, қала тұрғыны:

— Басында балама СДВГ және басқа да диагноздар қойылған болатын. “Асыл мирас” орталығында нақты аутизм екенін білдік. Көп ұзамай алғашқы жетістіктерді де көрдік. Баламыз қатарластарымен қарым-қатынасқа түсу, дисциплина секілді дағдыларды қалыптастырды. Қазір мектепке баратын жас жетті. Осыған байланысты арнайы бағдарламамен дайындалып отырмыз.

Мәселе өзекті. Қазіргі уақытта облыста 400-ге жуық бала аутизмге шалдыққан. Ел бойынша мұндай ерекше балалардың саны 17 мыңнан асады. Мамандардың айтуынша, аутизмді ерте анықтаудың маңызы зор, өйткені баланы сауықтыру және қоғамға бейімдеу шаралары анағұрлым тиімді болады.

Жаннұр Бектұрғанова