Мәдениет

Петропавлда «AYUL FEST. Қаз шаруашылығы-2026» атты II халықаралық этнофестиваль өтті

Петропавлда «AYUL FEST. Қаз шаруашылығы-2026» атты II халықаралық этнофестиваль өтті. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, жаңа кәсіп бастаудың жолдарын көрсету. Маңызды шараға әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылар арнайы шақыртылған. Олар жергілікті кәсіпкерлерге қаз шаруашылығы жайлы кеңінен айтып берді.

ҚАЙРАТ АЙТУҒАНОВ, “Ауыл” ХДПП төрағасының орынбасары:

—  Былтыр ауыл тұрғындарына 115 мың қаз балапаны тегін үлестірілді. Тек белгілі бір талаптарды орындаса болғаны.

Халықаралық фестивалді облыс әкімдігі мен «Ауыл» партиясы ұйымдастырды. Шараға аймақ басшысының орынбасары Қанат Дүзелбаев қатысты. Алқалы жиынның теріскейде өткізілуі тегіннен тегін емес. Өңірде 10-нан астам құс фабрикасы бар. Кәсіпорындарда жыл сайын жарты млрд жұмыртқа мен 8 мың тонна ет өндіріледі. Шараға қаз өсіріп, мол пайдаға кеңелген кәсіпкерлер де қатысты.

ЖАННА ГАЙНУЛИНА, кәсіпкер:

— Қаз өсіру арқылы аз уақыттың ішінде мол пайдаға кенелуге болады. Менің бұл кәсіппен айналысып жүргеніме 15 жылдан асты. Қазіргі таңда тұрғындарға қазды қалай өсіріп, қалай күту керек екенін үйретіп жүрмін. Бұл құсқа беретін арнайы дәнді дақылдар бар. Дер кезінде вакцинация жасауды да ұмытпау қажет.

“Қаз өсіру – тиімді кәсіп”. Бұны еуропалықтар жақсы біледі. Өңірге келген Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге бұл бағыт бойынша біздің облыспен тығыз қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отыр

СИЛЬВАН ГИОГЕ, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

— Франция – қаз өсірумен кәсібі қарыштап дамыған елдердің бірі. Аталған кәсіпті қолға алғанымызға бірнеше ғасырдың жүзі болды. Тіпті, қаз етінен жасалатын «Фуа-гра» атты ұлттық тағамымыз бар. Өз басым СҚО-ның табиғатына тамсанамын. Жері де құнарлы, шөбі де шүйгін. Ауыл шаруашылығын дамытуға таптырмас мекен. Болашақта біздегі қаз тұқымдарын облысқа экспорттағымыз келеді.

Шара аясында шетелдік және жергілікті аспаздар арасында аспаздық байқау ұйымдастырылды. Халықаралық этнофестиваль ертең өз жалғасын табады.

 

Жангельді Жамалиев