Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, ырыс пен берекенің бастауы. Явленка ауылындағы мерекелік іс-шарада ұлттық салт-дәстүр кеңінен насихатталды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, алтыбақан теуіп, ұлттық ойындарға белсене қатысты.
ДОСБОЛ ӘБДІРЕЙІСОВ, СҚО МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Биыл Наурыз мейрамын облыстық деңгейде Есіл ауданында тойлап жатырмыз.
Аудандағы Наурыз мерекесінде орталық алаңға қаз-қатар киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүр кеңінен насихатталды. Шеберлердің қолдан жасалған туындылары көпшілік назарына ұсынылып, келушілердің қызығушылығын арттырды. Мерекеге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, ақшаңқай киіз үйлерді аралап, тұрғындармен тілдесті.
Киіз үйлердің ішіндегі ерекше көзге түскені – IT-киіз үй болды. Бұл облыстық Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана ұсынған заманауи жоба. Киіз үй бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, келушілерге жаңа технология мүмкіндіктерін таныстырды. Мұнда жасанды интеллектке қатысты жобалар көрсетіліп, цифрлық жаңалықтар кеңінен насихатталды.
Жұртшылық орталық сахна маңына жиналды. Сахна төрінде облыс әкімі сөз сөйлеп, тұрғындарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ғауез Торсанұлы өз сөзінде Наурыздың бірлік пен жаңарудың символы екенін атап өтіп, барша жұртқа амандық пен береке тіледі.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
— Бұл елдік пен молшылықтың, ырыс пен берекенің жарқын мерекесі. Күн мен түн теңеліп, табиғат жаңаруының белгісі. Халқымыз наурыз мейрамын жылдың басы, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың бастауы деп санаған. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамының мәртебесі өсіп, оның ауқымы кеңейіп келеді.
Мерекелік іс-шараның шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды. Ұлттық нақышта сахналанған көрініс арқылы Наурыз мейрамының мәні мен маңызы кеңінендәріптелді. Одан кейін концерттік бағдарламада сахна төрінде жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Ән мен жырға толы кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кештің көркін қыздырған сәттердің бірі – дәстүрлі әндерді заманауи үлгіде орындап жүрген «Алатау серілері» тобының өнері болды.
Одан кейін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов былтыр ашылған «Nomads-AI» креатив орталығына барды. Мұнда жас мамандар өз жобаларын таныстырып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерін көрсетті. Солардың бірі – роботтардың «Арқан тарту» ойынындағы сайысы көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Биыл «Ауыл Аманаты» жобасы Есіл ауданының 16 ауылдық округін қамтыды. 54 кәсіпкерге бизнесін дамыту үшін барлығы 544 млн теңге бөлінді. Коптевтер отбасы аталған жоба аясында өздерінің кондитерлік цехын ашып, қазір 84 түрлі өнім шығарады. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай кәсіпкер жаңа өнімін таныстырды, оның дайындалу тәсілі жасанды интеллект арқылы жасалған.
Наурыз мейрамында отбасы дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығы ерекше сезіледі. Әлжановтар отбасы 2012 жылы Орталық ауылынан Явленкаға арнайы бағдарама бойынша қоныс аударған. Бүгінде Ақжан Қабенұлы мен Қайыржан Мағжанқызы 6 баладан 17 немере мен 5 шөбере көріп отыр. Ұлыстың ұлы күні өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетов олардың шаңырағына арнайы барып мерекемен құттықтады.
Явленка ауылындағы Наурыз мерекесі тұрғындарға қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірлік пен татулықты арттырды. Мереке барысында ұлттық дәстүрлер, қолөнер көрмелері, концерттік бағдарламалар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әркім өзіне ұнайтын сәтті таба алды.