Қаладағы тергеу изоляторында 100-ге жуық адам еңбек етеді. Арасында ерлі-зайыпты жұптар да бар. Солардың бірі – Қалиевтер отбасы. Абай Қалиев пен жұбайы Аида Қалиева бір мекемеде тер төксе де екеуінің міндеті әр түрлі. Бірі соталғандармен жұмыс істесе, бірі режим және күзет бөлімінде бақылаушы болып еңбек етеді. Отағасының бұл салада тер төгіп жүргеніне 10 жылға жуықтаған.
АБАЙ ҚАЛИЕВ, СҚО бойынша ҚАЖД №66 мекемесі жедел бөлімі теологиялық оңалту жұмыс тобының аға жедел уәкілі:
— Мен сотталғандармен теологиялық оңалту жұмысын өткіземін. Нақтырақ айтатын болсақ, сотталғандарды түзу жолға түсіреміз. Қаладан имам, теологтарды шақырамыз. Солармен сабақ өткіземіз, араб тілін үйретеміз.
Студент кезден таныс жандар арада біраз уақыт өткеннен кейін тағы кездесіп араласа бастаған. Осылайша 2020 жылы отау құрыпты. Нәзікжанды бала кезден форма киіп, ішкі істер органдарында еңбек етуді армандаған. Тағдыры жолдасымен қосқаннан кейін, бұл арман салаға деген қызығушылық арта түседі. Осылайша 2 жыл бұрын тергеу изоляторына жұмысқа орналасқан.
АИДА ҚАЛИЕВА, СҚО бойынша ҚАЖД №66 мекемесі режим және күзет бөлімінің бақылаушысы:
— Күйеуіммен бірге жұмыс істеген кезде өзімді жайлы сезінемін. Себебі, жанымда маған көмек беретін, қолдайтын, бағыт-бағдар нұсқайтын жанның бар екенін білемін. Бұған дейін мүлдем басқа салада еңбек еткен едім. Қазіргі жұмысым өзімнің көңілімнен шығады.
Ерлі-зайыптылардың сөзіне сенсек бір жерде жұмыс істеу оңай емес. Оның да өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар көрінеді.
АБАЙ ҚАЛИЕВ, СҚО бойынша ҚАЖД №66 мекемесі жедел бөлімі теологиялық оңалту жұмыс тобының аға жедел уәкілі:
— Бірге жұмыс істегеннің жақсы тұсы – әрдайым біргеміз. Келіншегімнің жұмысы ауысым бойынша. Бір күн жұмыс жасаса, екінші күні демалып балалардың қасында болады. Ал кемшілік тұсы да бар. Мысалға, кейде балаларымыз ауырып қалып жатады. Сол сәтте екеуіміздің біреуімізге балалардың қасында қалу керек болып жатады.
Қазіргі таңда Қалиевтер отбасы екі ұл тәрбиелеп отыр. Анасы мен әкесінің жұмысын көріп өсіп келе жатқан балалары да болашақта ІІМ еңбек етуді қалайды. Алдағы сенбі, яғни желтоқсанның 13-і күні қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мейрамы аталып өтіледі. Бүгінде бұл салада 400-ге жуық жан тер төгеді.
Ақтолқын Солтанханқызы