Аққайыңдар өлкесінде элеваторлар күзгі өнімді әртүрлі бағада қабылдаған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Марлен Хамзин мәлімдеді. Назар аударатын жайт, артық табысқа кенелуді көздеген астық қабылдау орындарының саны 20-дан асып жығылады.
МАРЛЕН ХАМЗИН, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
— Бәсекелестіктің жай-күйін талдау нәтижелері бойынша өзекті мәселе анықталды. Облыстағы 22 элеватор астықты қабылдау, кептіру, тазалау, сақтау және жөнелту құнын өзгертіп отырған. Мысалы, жұмыс күндері қалыпты баға сақталған. Ал демалыс және мереке күндері төлемді әжептәуір арттырған. Бұл дерек бізге жетті. Департамент қызметкерлері тиісті шараларды қабылдады, нәтижесінде бірізділік қағидасы орнады.
Жалпыға ортақ талапты орындамаған серіктестіктің атауы «Астық Орда Север» деп аталады. Тергеп-тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорынға 881 265 теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Сонымен қатар, Марлен Хамзин Петропавл теміржол вокзалына қатысты бұзушылықты баян етті.
МАРЛЕН ХАМЗИН, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
— Бізге өңірдегі астық қабылдау орындарының бірінен өтініш түсті. Кәсіпкер “Оңтүстік-Орал” темір жолының Петропавл бөлімшесіндегі электронды таразының қызмет құны жоғары екенін алға тартады. Дереу тексеруге кірістік. Әлі талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ, біз қазірдің өзінде жүгінуші тараптың базынасы орынды екенін көріп отырмыз. Қызмет бағасы көтерілген. Жақын арада нақты шешім қабылданады.
Жалпы, жыл басынан бері департамент өкілдері бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылықтарды жою бойынша 24 ұйғарым шығарып, ұйымдарға жолдаған. Бүгінгі таңда соның барлығы назарға алынып, туындаған мәселе шешімін тауыпты.
Байболат Құлтанов