Мәдениет

Гәккулеткен Қызылжар

Қызылжардың қоңыр кешін әуезді ән тербеп, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның төрінде сал-серілер сазы қайта жаңғырды. Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының 165 жылдығына арналған «Гәккулеткен Қызылжар» концерті – көненің көзі, бабалардың мұрасы болған қазақ ән өнерінің мерейін үстем еткен рухани мереке болды. Кеш басында жұртшылыққа Үкілі Ыбырайдың өмірі мен шығармашылық жолын баяндайтын бейнематериал ұсынылып, көрермен жүрегіне есімінің жаңғырығын қалдырды. Кештің салмағы мен сәні туралы филармонияның көркемдік жетекшісі Біржан Есжанов ой бөлісті.

БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:

— Бүгінгі концертте біз тек Үкілі Ыбырайдың әндерін ғана емес, сонымен қатар биылғы ауқымды жылды да атап өтудеміз. Атап айтсақ, Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы, Жаяу Мұсаның 190 жылдығы, Иса Байзақовтың 125 жылдығы, қазақтың алғашқы операсын жазған Евгений Брусиловскийдің 120 жылдығы. Осындай айтулы даталар өте көп, соларды да біз бүгінгі бағдарламаға енгізіп отырмыз.

Сахна төрінде дәстүрдің үні қайта жаңғырып, халыққа жақын қоңыр әуендер қалықтады. Кешке жиналған жастар да ұлттық өнердің қуатын терең сезінді. Солардың бірі – Диас Аяған. Қала тұрғыны бұл концерттің өзін рухани жаңартқанын айтып, бабалардан қалған музыкалық қазынаға қызығушылығы артқанын жеткізді. «Өнер – ұлттың жаны» екенін ол осы кеште айқын түсінгендей болды.

ДИАС АЯҒАН, қала тұрғыны:

— Қазақ өнерінің аса көрнекті өкілі, жерлесіміз, кешегі Орынбай, Біржан сал, Ақан сері бастаған, солар салып берген сүрлеудің лайықты жалғастырушысы – Үкілі Ыбырайдың мерейтойына орай тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Бұл кеште, сонымен қатар, Жаяу Мұса, Абай Құнанбаевтың және басқа да халық әндерін тыңдап, құлақ құрышымыз қанып отыр.

Сондай-ақ биыл қазақ өнері үшін маңызды белес – Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына арналған бейнеролик те көрсетілді. Композитордың өмір жолы мен мол мұрасы баяндалған бұл материал сал-серілер дәуірінің асыл қазынасын тағы бір мәрте еске салды.

 

Жангельді Жамалиев