Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Астанада «СҚО – Қытай» бірінші инвестициялық бизнес-форумы өтті

Астанада орналасқан Қытайдың Қазақстандағы Елшілігінде «Солтүстік Қазақстан облысы – Қытай» атты бірінші инвестициялық бизнес-форумы өтті. Алқалы жиын өткен мен бүгінгіні сабақтастырды. Мұнда қатысушыларға аққайыңдар өлкесінің тарихынан сыр шертетін бұрыш ұсынылған. Ал мына жерде өңірдегі өңдеуші кәсіпорындардың өнімдері тұр. Бас қаладағы маңызды басқосуға аймақтағы 30-ға тарта компания тауарын жеткізіпті.

ДАРХАН ӘМРИН, СҚО кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық басқармасының басшысы:

— Алғашқы инвестициялық бизнес-форум Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь мырзаның қолдауымен ұйымдастырылды. Облыстағы жетекші ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, кен өндіру және машина жасау кәсіпорындарының көрмесін әкелдік. Бұл өндіріс ошақтары Қытаймен және өзге елдермен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. Біздің көздегеніміз – арадағы байланысты нығайту. Форум жемісті боларына сенімдіміз. Жаңа іскерлік қарым-қатынасқа дайынбыз.

Шығыстағы көршіміз – сенімді серіктесіміз! Жыл артқан сайын Солтүстік Қазақстан облысы мен қуатты Қытай арасындағы тауар айналымы ұлғаюда. Сандарға тоқталсақ, ағымдағы жылдың алғашқы сегіз айында арадағы алыс-беріс көлемі 105 млн АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есе көп. Көрсеткішті одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік бар. Ол үшін тараптар бір-біріне тиімді ұсыныс білдіріп, жағдай жасауы қажет.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Солтүстік Қазақстан облысы үшін бүгінгі кездесудің маңызы зор. Бүгінде Қытаймен түрлі салада серіктестік қарым-қатынастарды белсенді дамытып келеміз. Аспан асты елі біз үшін маңызды экономикалық серіктес және сенімді инвестор болып табылады. Өңіріміздің екі ауданында субаймақтар іске қосылды. Олардың бірі Тайынша ауданында орналасқан, қытайлық инвестицияларды тартудың орталығына айналды. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау – біздің басымдықтарымыздың бірі болып қала бермек.

Тағы бір кәсіп бастап, кеңеюге жол ашатын субаймақ Ғабит Мүсірепов ауданында орналасқан. Ниет танытқан инвесторларға құшақ ашық. Қытайлық тарапты Солтүстік Қазақстан облысы қызықтырады. Теріскейде ауыл шаруашылығымен мықтап айналысуға зор мүмкіндік бар. Қомақты қаржы мен заманауи жабдықтар, цифрлық технология бірге келсе, алға нық қадам жасауға болады.

ХАНЬ ЧУНЬЛИНЬ, ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

— Мұндай форумды Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі алғаш рет ұйымдастырып отыр. Бұған дейін бірде-бір өңірмен осыған ұқсас жиын өтпеді. Бұл біздің Солтүстік Қазақстан облысына деген ерекше көзқарасымыз деуге болады. Аймақтарыңыз пайдалы қазбаларға бай, өсімдік, мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік зор. Осындай кездесулерде кәсіпкерлер бір-бірімен танысады, әріптестік байланыс ортады. Біз белестерді бірге бағындырамыз деп ойлаймын.

Жалпы, алқалы шарада екі жақтың 100-ден астам бизнес өкілі жиналып, жаңа іскерлік байланыстар орнату төңірегінде ой өрбітті. Сонымен қатар, жергілікті және қытайлық кәсіпкерлер арасындағы B2B кездесулер ұйымдастырылды.

 

Байболат Құлтанов