Қоғам

Аққайың ауданы шындыққа сәйкес келмейтін дерек ұсынған

Петропавлда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті жанындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында 3 мәселе қаралды. Алдымен мінберге Аққайың ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Зейнеп Ахметова шығып, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы қорытындыны баяндады.

ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА, Аққайың ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы:

– 2024 жыл мен 2025 жылдың бірінші тоқсанында 13 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету саласында 3 бұзушылық анықталды. 2 жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі сақталмаған, ал 1 жағдайда басшы жоқ кезде электрондық цифрлық қолтаңба қолданылған. Аққайың ауданында 38 өз-өзіңе қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді.

Баяндама аяқталып, ведомствоаралық жұмыс тобы мүшесінің бірі қойған сауал өз-өзіңе қызмет көрсету бұрышына қатысты болды. Аудандағы мұндай алаңдардың барлығы тексерілмеген. Бірден “Неге?” деген сұрақ туындайды.

ЗЕЙНЕП АХМЕТОВА, Аққайың ауданы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы:

– 11 нысан тексерілді. Тиісті жоспар орындалды. Алдағы уақытта қалған нысандар тексеріледі. Яғни, барлығын тексеретін боламыз.

Бұл жайт аса талқылауды қажет етпейді. Майшаммен қарайтын мәселе бар. Аққайың ауданындағы мемлекеттік органдар ұсынған кейбір деректер шындыққа жанаспайды, оның үстіне құжаттар жоғалған. Мұны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Қарымсақов айтты.

ЕРЖАН ҚАРЫМСАҚОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Баяндамада барлығы жақсы екен. Біз жұмыс тобы мүшелерімен ауданға шығамыз. Барлығын тексеріп, шындыққа көз жеткіземіз.

Бұдан соң мінберге денсаулық сақтау басқармасының басшысы және «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыс бойынша директоры баяндама жасады.

 

Байболат Құлтанов