Қысты шығарып салу мерекесі. Кеше қала орталығында славян халықтарының Масленица мейрамы аталып өтілді. Сән-салтанаты жарасқан шараға халық көптеп жиылды. Әдеттегідей жәрмеңке өткізіліп, концерттік шара ұйымдастырылды.
Алаңда сан түрлі әуезді ән мен тартымды би биленді. Тұрғындар да күміс көмей әншілердің әнін қосыла шырқап, қол ұстаса дөңгеленіп билеп жүр.
Масленица мерекесі қазақтың Наурыз мейрамына өте ұқсас. Қос мейрамның да мәні қысты шығарып салып, шуақты көктемді қарсы алу. Ерекшеліктерінің бірі – Масленица бір күн емес, бір апта бойы тойланады. Әрі әр күнді тойлаудың өзіндік ерекшелігі бар. Дүйсенбі -кездесу күні, сейсенбі ойын ойналады, сәрсенбі тәтті тағам пісірілсе, бейсенбі серуен басталады. Ал жұма қайын ененің үйінде қонақта болады, сенбі – қайын апа шаңырағында кездесу, ал соңғы күні -кешірім сұрау күні.
– Барлық солтүстікқазақстандықтарды Масленица мерекесімен құттықтаймын. Келе жатқан Наурыз мейрамы да құтты болсын. Біз үшін бүгін – зор қуаныш. Құрбыларымызбен келіп, концерт тамашалаудамыз.
– Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Күн де бүгін тамаша, күннің көзі шуағын шашып, жарқырап тұр. Әрбір күніміз осындай шуақты болып, әр отбасында шаттық таусылмасын.
Үлкендер арқа-жарқа болып, қытымыр қыстан аман шыққандарына мәз. Төс қағысып, бір-бірін көргендеріне риза екендірін білдіріп, тілектерін айтты. Ал балалар болса, ойын ойнап, садақ атып бақтарын сынауда.
Мәдина Қаби