Қоғам

Серік Мұхамедиев: “Қарды дұрыс тазаламайтын компанияларға айыппұл салынуда”

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында есеп беру кезегі Петропавл қаласының әкіміне келді. Биылғы тасқын Серік Мұхамедиевтің есінен ешқашан шықпасы анық. Қауырт кезеңде шаһар басшысы күн-түн демей тер төкті. Ауқымды шаруа атқарылды. Осы күнге дейін су басқан жерлерден 200 мың тоннадан астам қоқыс шығарылыпты. Қалдықты сыртқа тасу жұмысы әлі жалғасып жатыр. Маңызды іс толық аяқталғасын аудандар көгалдандырылмақ. Қиындыққа қарамастан 10 айдың ішінде облыс орталығына қатысты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғарылады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– 2024 жылдың қаңтар-қазан айларындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 373,8 млрд теңгені құрады. 2023 жылмен салыстырғанда өсім – 7%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 150,4 млрд теңге. Өсім 14,1% құрады. Қалада 100,1 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді.

Мұндағы өсім 30 пайыздан асып жығылады. 10 айдың қорытындысы баяндалғасын Серік Мұхамедиев ағымдағы жұмыстарға тоқталды. Бүгінде Петропавлда қар тазалау ісі күннен-күнге қарқын алып келеді. Әзірге, 90 техника тартылған, егер қажеттілік туындаса олардың саны артады. Компаниялардың жұмысы үнемі бақылауда. Қандай да шағым түссе, тендер ұтқандар жазаланады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Біз әлеуметтік желілерді бақылап отырамыз. Өзім де тұрғындардың пікірін, наразылығын оқып тұрамын. Осыған байланысты Петропавл қаласының жергілікті полиция қызметіне өз міндетіне немқұрайлы қарайтын мердігер ұйымдарды жауапкершілікке тарту жөнінде тапсырма бердім. Бүгінде қарды дұрыс тазаламаған 2 компанияға айыппұл салынды.

Қалада қоқысқа қатысты да мәселе бар. Бұл ретте компанияларды да, тұрғындарды да тәртіпке салу қажет. Кейбір адамдар көлемді қалдықтарды үй маңындағы жәшіктерге апарады. Оларды тасымалдау мүмкін емес. Салдарынан аулада үйінді пайда болады.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Мен ПИК және МИБ төрағаларымен, қоқыс шығарушы ұйымдардың басшыларымен кездестім. Алайда, айтарлықтай өзгеріс орын алмады. Полиция тәртіп бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Артта қалған кезеңде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша 4 410 жеке және 118 заңды тұлға жауапқа тартылды.

Келесі жылы Петропавлда Қазақстан Конституциясы көшесі қайта қалпына келтіріледі. Жоспар бойынша кеңейтіледі, жарықтандырылады, кеспе тасы ауыстырылады. Ал жасыл желек сол қалпында қалады. Айтпақшы, облыс орталығында аялдамаларды жаңалау жұмысы басталды.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Шыны аялдамаларға қатысты бірсыпыра шағым айтылды. Бүгінде оларды біртіндеп алып жатырмыз. Орындарына жабық үлгідегі әрі жылы павильондар қойылуда. Бірақ, олар әлі жылуға қосылған жоқ. Жоспардағы іс жаңа жылға таяу аяқталуы тиіс. Биыл Петропавлда 18 аялдама қойылады.

Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Осыған байланысты Петропавлдың 8 ауданында мерекелік алаңдар пайда болады. Тізімге “Бірлік” ықшам ауданы да кірді. Безендіру жұмысына 13,5 млн теңге бөлінбек, сонымен қатар, меценаттар қол ұшын созады.

 

Байболат Құлтанов