Қоғам

Петропавлда “Закладчики. Расплата” атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті

Елімізде есірткіні белгілі бір жерлерге жасырып, түрмеге түскендер көбейіп барады. Олардың басым көпшілігі жастар екені қынжылтады. Қоғам белсендісі Зәкіржан Мамлютов, операторлар Виталий Потеряев пен Вадим Блажевич бірлесіп есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тапсырысымен деректі фильм түсірді. Туынды “Закладчики. Расплата” деп аталады. Фильмде темір тордың ар жағындағы қыз-жігіттердің өмірі көрсетілген.

ЖАНГЕЛДІ ӘПЕНОВ, Петропавл қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

– Жастар фильмдегі қылмыскерлерді көріп, ой түйеді деп ойлаймын. Нашақорлық – қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе.

Автор фильмде есірткі саудасымен айналысқан қыз-жігіттермен тілдескен. Олар мұндай іске баруына материалдық қиындықтар итермелегенін айтқан. Көбі – жалданғаннан кейін бір сағаттың ішінде полицияның құрығына ілініп, 10-12 жылға сотталып кеткендер.

ЗӘКІРЖАН МАМЛЮТОВ, деректі фильмнің авторы:

– Фильм 47 минутқа созылады. Аз болса да көрерменге берер мән-мағынасы зор. Бұл ретте жалғыз балаларды кінәлауға болмайды. Ата-ана да өздерінің ұл-қыздарына жақсы тәрбие берулері керек. 12-13 жасынан дос ретінде араласу қажет. Мен көгілдір экраннан осы дүниені көрсеткім келді.

Залға аға буын өкілдері де, жастар да көптеп жиналған. Туынды түйіні – бұл өмірде ешқашан жеңіл жолмен ақша таба алмайсың, ақшаны адал жолмен табу керек. Фильмді көппен бірге тамашалаған білікті заңгер Евгений Кинцель өз әсерімен бөлісті.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, республикалық тәуелсіз заң кеңесшілері палатасының төрағасы:

– Заңгер ретінде айтатын болсам, айыпталушы сот үкімі шыққанға дейін өз қателігін түсінбейді. Сотталған кезде барып қана алда басқа өмір күтіп тұрғанын біледі. Есірткі жасырумен айналысқан адам ұсталса, ешқашан жазадан құтылмайды. Фильмдегі жастар да өз қателігін түсінсе де темір тордан босап шықпайды. Шараға біршама ұл-қыздар келгенін көріп, қуанып қалдым. Олар кадрдағы қыз-жігіттердің қателігін қайталамауы тиіс. Кез келген қиындықтан шығуға болады. Ол үшін талмай еңбек ету керек.

Аяулым Ералхан – М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курс студенті. Нәзікжанды фильмнің аянышты екені соншалықты, көзіне жас алғанын жеткізді. Себебі, сотталғандардың барлығы – өзімен қатарлас ұл-қыздар.

АЯУЛЫМ ЕРАЛХАН: М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Фильм өте әсерлі болды. Туындыда қазіргі таңдағы ең актуалды тақырып көрсетілді. Өз өміріміз – өз қолымызда.

Айта кету керек, биыл өңірімізде есірткі сатумен айналысқан 226 адам ұсталған. Соның көбі – 16 мен 20 жас аралығындағы жастар.

 

Нұрасыл Ахмет