Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына – 100 жыл

Бүгін айтулы датаға орай тарихи нысанда салтанатты кеш өтті. Мұражай қорында өлкеміздің тарихынан сыр шертер 350 мыңнан астам жәдігер сақталған. Олардың арасында сирек кездесетін түпнұсқалар мен экспонаттар да бар.

ДӘСТЕН БАЙМҰҚАНОВ, өлкетанушы:

– Бұл музей – еліміздің аумағында ашылған ең көне тарихи орындардың бірі. Мұражайдың мен үшін орны бөлек.

Бұл музей – өткен дәуірдің мұрасын сенімді сақтай алатын мемлекеттік маңызы зор мәдени мекеме. Мұражайға бармай, тарих туралы түсінік қалыптаспайды. Ғасырлық тарихы бар нысан жыл сайын 200-ден астам көне жәдігермен толығады екен. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов бой көрсетті. Ол музейде жұмыс істейтін мамандарға облыс әкімі мен Мәдениет және ақпарат министрінің атынан төсбелгі мен алғыс хаттар табыс етті.

Құрмет көрсетілгендердің арасында тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Абуова да бар. Нәзікжандының тарихи орында жұмыс істеп келе жатқанына 15 жыл болыпты.

МЕЙРАМГҮЛ АБУОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

– Марапатқа ие болғаным үшін алғысым шексіз. Зейнетке шыққанша дейін осы тарихи нысанда жұмыс істегім келеді.

Тарихи нысанда 80-нен астам адам жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұражайға келушілердің саны жылдан-жылға артуда.

 

Нұрасыл Ахмет