Кездесу барысында өнімді экспорттау, субсидиялау, мектеп оқушыларының тамағын ұйымдастыру, жеке кәсіпкерлікті қолдау, қоғамдық көліктердің санын көбейту сынды бірқатар мәселе талқыланды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Осы жылдың 1-ші шілдедегі көрсеткіші бойынша кәсіпкерлік саласында 109,3 мың адам жұмыспен қамтылды. Қаңтар-маусым айының аралығында жалпы өңірлік өнімде шағын және орта бизнестің үлесі 31 пайызды құрады. Алдағы уақытта да субсидиялау, кепілдік беру, гранттық қаржыландыру және өндірістік инфрақұрылымды жүргізу түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Биыл бұл мақсатқа облыста 267 млрд теңге бөлінді.
«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша туристік қауымдастық» ҚБ төрағасы Владимир Витченко жиында 2 мәселені көтерді. Оның бірі туризмге қатысты. Владимир Николаевичтің айтуынша, бұл сұрақ бірнеше жылдан бері өз шешімін таппаған.
ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, «СҚО бойынша туристік қауымдастық» ҚБ төрағасы:
– Мен Имантау-Шалқар курорттық аймағындағы жағдайды айтқым келіп отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын арнайы қоқыс полигоны жоқ. Жалпы, бұл курорттық аймақ «Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» аумағында орналасқан. Биыл 100 мыңнан астам турист келді. Әрине, олардан қалған қалдық-қоқыстар да көп. Бірақ, оларды шығаратын жер жоқ. Ең жақын деген қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын орын 90 км жерде Көкшетауда ғана бар. Ал Айыртау ауданындағы полигон экологиялық сараптамадан өтпейді.
Бұл сұраққа жиынға онлайн түрде қатысқан Айыртау ауданының әкімі Мейрам Меңдібаев жауап берді.
МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, Айыртау ауданының әкімі:
– Біз өз кезегімізде Мемлекеттік табиғи ұлттық паркіне хат жаздық. Бірақ, әзірге жауап алмадық. Алдағы уақытта бірігіп өзара келісімшарттар жасасып, бұл мәселені шешуге тарысамыз. Жалпы, қазіргі таңда аудан бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «ФОТОН-К» ЖШС айналысып жатыр.
Ал Тимирязев ауданының тұрғыны Аружан Омарова – жеке кәсіпкер. Ол өз кәсібін дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау күтеді.
АРУЖАН ОМАРОВА, жеке кәсіпкер:
– Мен бүгінгі жиналыста грант бойынша сұрақ қоямын. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі болып табыламын және осы жоба аясында мен грантқа қатысуға мүмкіндігім бар еді. Бірақ, су тасқынына байланысты грант әзірге болмай жатыр. Дегенмен де кәсіпкерлерге де қолдау өте қажет. Өзім жеміс-жидек өсіріп өңдеймін.
Сондай-ақ, жиында «ЭкоМол Сергеевка» ЖШС директорының орынбасары Бақыт Рашитов компания екі жылдан бері субсидия ала алмай жүргенін айтты. Өңірге танымал кәсіпорындардың бірі бүгінде жабылып қалуға шақ тұр. Жауапты мамандар, шамалы күту қажеттігін жеткізіп, мемлекеттік қолдаулар міндетті түрде көрсетілетінін айтты. Ал Марина Серебренякованың Ойқала шағын ауданындағы кондитерлік цехі көктемде су астында қалды. Кәсіпкер кездесуге өз алғысын айту үшін келген.
МАРИНА СЕРЕБРЕНЯКОВА, жеке кәсіпкер:
– Мен бүгінгі жиынға алғысымды айту үшін арнайы келдім. Маған кәсіпкер ретінде мемлекет тарапынан жақсы көмек көрсетілді. Құжаттардың барлығын жинап, реттеп, аз уақыт ішінде қайта қалпына келтірдік. Бүгінде міне қайта жұмыс істеп жатырмыз.
Айта кетейік, су тасқынынан залал келген бизнес субъектілерінен 3,3 млрд теңгеге 110-ға жуық өтінім қабылданған.
“Қызылжар” телеарнасы