Балалар

Балғындарға ұлттық құндылықтарды ұғындыру қажет

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда оқушылардың көбі ұлттық құндылықтарымызды білмейді. Қазақтың байырғы салт-дәстүрлері жайында хабарлары жоқ. Мұның барлығы отбасында ғана емес, білім беру ұйымдарында да жиі айтылса, бұл олқылықтың орны толар еді. Сол мақсатта бүгін облыс орталығында қала мен аудандардан жиналған жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілері бас қосты. Осы ретте білікті педагог Балдырған Ілиясов өз тәжірибесімен бөлісті.

БАЛДЫРҒАН ІЛИЯСОВ, «Баларман» балабақшасының директоры:

– Балабақшада ұлттық құндылықтарды сақтау мақсатында аталар мен әжелер мектебі құрылды. Бүгінгі семинарда қазақтың ұлттық аспаптарының шығу тарихын айтатын боламыз.

Бала балабақшадан болашаққа нық қадам жасайды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде үйренгендері оқу орнына барған кезде зор септігін тигізеді. Сондықтан, тәрбиешілердің білікті маман болуы аса маңызды. Басқосуда қазақтың ұлы тұлғаларының өмірбаяны жайлы айтылды. Сөз сөйлеген педагогтер балғындардың басын ауыртпай-ақ салт-дәстүрімізді ұғындыруға болатынын жеткізді. Ал тыңдаушы қауым өткен жиыннан маңызды мағлұмат алғандарын айтты. Өздері жұмыс істейтін мекемеде “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылыпты

БҰЛБҰЛ ЖОЛДЫҒАРИНА, “Арай” балабақшасының тәрбиешісі:

– 18 жыл бойы балабақшада қызмет етемін. Мен үшін өскелең ұрпақтың қазақтың ұлттық құндылықтарын ұмытпауы аса маңызды.

Айта кету керек, “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы 2023 жылы енгізілген. Тәрбие – тал бесіктен болғандықтан, балғындарға оңды-солды түсінгеннен бастап ұлттық құндылықтарды ұғындыру керек.

 

Нұрасыл Ахмет