“Мен елімді жырлаймын”. Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында балалар мен олардың ата-аналары арасында қойылым қоюдан байқау өтті. Басты талап: спектакль мемлекеттік тілде көрсетілуі тиіс.
Байқауға түрлі ұлт өкілдері қатысып жатыр. Ұлты өзге жанға қойылған шарт жеңілірек. Қандай қойылым қоятындарын өздері таңдайды. Ингуш ұлтының өкілі Аяна Дзортованың қос немере інісі осы қазақ мектебінде оқиды. Бүгін байқауда отбасының атынан бауырларын қолдай келген.
АЯНА ДЗОРТОВА, байқауға қатысушының әпкесі:
– Тақырып ерікті болғаннан кейін қойылымды өзіміз ойластырдық. Бүгіннің заманның жастары мен бұрынғының батырларын салыстырамыз. Қойылым желісі бойынша бізді телебағдарламаға сұхбатқа шақырады. Кенет біз балалармен бірге бұрынғы заманға тап боламыз. Батырлармен қазақ тілінде әңгімелесеміз.
Байқауда өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі сыналса, қазақ балаларының тарихи туындының мәнісін түсініп, оны жеткізе білу қабілеті таразыланды. 200-ден астам қатысушының бірі – Нұрдана Ермекқызы. Жеткіншек әл-Фараби мектеп-лицейінде оқиды. Ол сыныптастарымен бірге Бейімбет Майлиннің “Қанды кек” әңгімесінен үзінді ұсынды.
НҰРДАНА ЕРМЕКҚЫЗЫ, оқушы:
– Қойылым өте маңызды қойылымдардың бірі деп айтсақ болады. Тарихта өзінің ерекше ізін қалдырған. Біз болыс жайлы қоятын боламыз.
Қатысушылар қойылымнан бөлек ән шырқап, би биледі. Кейін әлем халықтарының ертегілерін сахналады. Балалар мен ата-аналардың өнері бірнеше критерий бойынша бағаланады.
ГАУХАР ТЕМІРБЕКОВА, қалалық білім бөлімінің әдіскері:
– Бұл жерде оқушылардың ең алдымен міндетті түрде қазақ тілінде сөйлеулеріне мән беріледі. Образды дұрыс көрсету, сахна мәдениетіне, киімдеріне басты назар аударылады.
Айта кету керек, аталған байқау облыс орталығында дәстүрлі түрде өткізіліп жүр. Мақсат – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және ата-ана мен бала және мектеп арасындағы байланысты нығайту.
Мәдина Қаби