Петропавлдық белсенді жастар жалғызілікті зейнеткерге көмектесуге келіп қалды. Мына үйде 80-нен асқан Тамара Филиппенко тұрады. Соңғы жауған қар ауланың біраз бөлігін басыпты. Соны қолдарына күрес ұстаған жігіттер тазаламақшы.
Көз – қорқақ, қол – батыр! Жастар күннің суығына да қарамады. Айналдырған бірнеше минуттың ішінде қақпа маңын қардан аршыды.
ЕРНҰР ЕРСАЙЫНОВ, ерікті:
– Колледждегі балалармен келіп қалдық. Әжеге көмектесіп тұрамыз.
Енді ауланың ішіндегі қарды тазалау керек. Жастардың жұмысын Тамара Филиппенко есік алдына шығып қарап тұрды. Ұлдардың бірінен жақын маңдағы құдықтан су жеткізуді өтінді.
ТАМАРА ФИЛИППЕНКО, қала тұрғыны:
– Балалар былтыр да қар тазалады. Маған үнемі көмектесіп тұрады. Көктемде келіп, үйдің алдындағы жырақаны қоқыстардан тазартты. Алғысымды білдіремін. Аман жүріңдер деп тілегімді айтамын.
Тамара Филиппенко жастарды өзі шақыртады. Кей кезде өзіне күтім жасайтын әлеуметтік қызметкер арқылы бұйымтайын жеткізеді екен.
АЙСҰЛУ БЕКІМОВА, қалалық жастар ресурстық орталығының мүшесі:
– Біз қыс мезгілінде қарт адамдарға көмек көрсететін акциямызды бастадық. Дәл осы сәтте жастардың бір бөлігі өзге зейнеткерге көмектесіп жатыр. Әдетте балалар жағы қар тазалайды, отын кіргізеді. Ал қыздарымыз үй жинап, тамақ әзірлейді. Әр адамға көмектесуге тырысамыз.
Қалалық жастар ресурстық орталығы көмек көрсетілетін қарттардың, мүгедек адамдардың тізімін жасапты. Оған 30-ға тарта зейнеткер кірген.
Байболат Құлтанов