Спорт

Солтүстікқазақстандық пара биатлоншылардың жаттығуы

Қыстың ауылы алыс емес. Демек, алдағы бірер айда шаңғышылардың жарысы басталады. Бұл ретте пара спортшыларды ұмытпау қажет. Мәселен, қазір Петропавлдың Борки ықшам ауданындағы арнайы базада жігері құм болмаған жерлестеріміз жаттығып жатыр. Алда Әлем Кубогы тұр. Одан кейін көпшіліктің назары Норвегияға ауады.

АСЛАН ТОҚБАЕВ, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы:

– Келесі жылдың ақпан айында Норвегияда әлем чемпионаты болады. Соған дайындалып жатырмыз.

Төккен тер міндетті түрде ақталуы тиіс. Болашақта жерлестеріміздің бірі Олимпиада чемпионы да атануы мүмкін. Айтпақшы, 1 жарым жылдан кейін жаһан жұрты қызықты жарыстың куәсі болады.

АСЛАН ТОҚБАЕВ, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы:

– 2026 жылы Италияда қысқы пара Олимпиада ойындары өтеді. Сол додада топ жарғымыз келеді.

Бірнеше шақырымды артта қалдырасың, артынша нысана көздейсің. Егер қателік орын алса, айып алаңында қосымша жүгіресің. Пара биатлион – асқан шыдамдылықты талап ететін спорт. Мұндағы әрбір жанды чемпионға теңеуге болады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Пара биатлоншылар ауа райына қарамайды. Күздің суығында да жаттығып жатыр. Жаттықтырушылардың сөзінше, мынандай желде оқты сәл солға қарай бағыттау керек. Сонда анау қара нүктелерге дәл тиеді.

Желмен жарысқан, құралайды көзге атқандардың дені тәжірибелі. Ал жоғарыдан төменге қарай бағыт алған Ербол Байырбеков – қатарға енді ғана қосылған пара спортшылардың бірі. Болашағына сеніммен қарайды.

ЕРБОЛ БАЙЫРБЕКОВ, пара биатлоншы:

– Павлодар облысы, Екібастұз қаласынан келдім. Пара биатлонмен 1 жарым ай ғана жаттығамын.

Көк туды желбірету біздің жігіттердің қолынан келеді. Оларға тиісті жағдай жасалуы қажет. “Сапалы шаңғы болса, қымбат мылтық тұрса, әлем үздіктерімен иық тірестіре аламыз”, – дейді спортшылар. Жерлестеріміз саладағы әрбір жайтқа жіті мән берілгенін қалайды.

 

Байболат Құлтанов