Спорт

Солтүстікқазақстандықтар чемпионды күтіп алды

Испанияда күрес түрлерінен өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде солтүстікқазақстандық палуан Ислам Евлоев чемпион атанды. Спортшы бүгін облысқа оралды. Жеңімпаз атанып, ел мерейін асырған ұланды теріскейліктер қошеметпен қарсы алды. Күтіп алуға келгендердің арасында оның жақындары, жаттықтырушылары мен достары және ізбасарлары болды. Айта кету керек, жерлесіміз грек-рим күресінен 82 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Ислам финалдық белдесуде түрік палуанын 9 да 3 есебімен ойсырата жеңген болатын.

ИСЛАМ ЕВЛОЕВ, грек-рим күресінен әлем чемпионы:

– Барлығы – 5 белдесу өткіздім. Финалға дейінгі қарсыластырымды мерзімінен бұрын жеңдім. Күреспен айналысып жүргеніме 14 жыл болды. Ең алдымен жаттықтырушыма алғыс айтқым келеді. Ол болмаса мен осындай жетістікке жетпес едім. Кішкене тынығып, алдағы байрақты бәсекелерге дайындалатын боламын. Басты мақсатым – Олимпиада шыңын бағындыру.

 

Нұрасыл Ахмет