Қоғам

Заречный кентіндегі қызу жұмыс

Заречный кентінде қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл аймақта Тимирязев ауданынан келген механикалық бригада тер төгуде. Мамыр айының басынан бері біраз жұмыс істелген. Мамандар күні-түні ауа райының ыстық-суығына қарамай қызмет атқаруда. Соның арқасында шағын аудан біраз оңалып қалған.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

– Жұмыс тобына 61 үй тапсырылған. Оның ішінде 38-і тұруға жарамды, ал қалған баспаналар сүрілуде. Өзіміздің аумақтағы тұрғындардың барлығымен тілдестік. 11 жан баспаналарын өзіміз жөндейміз деді. Тұрғынжайларды иелерінің айтуы бойынша істеп жатырмыз. Барлық жұмысты 1 айдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бұл – Заречный кентінің тұрғыны Василий Лазарев. 50 жыл тұрған үйін тасқын кезінде су шатырына дейін басыпты. Баспанасының осы күйге түскеніне қапаланған қожайын бағалаушылар келіп, тұруға жарамды дегенде қуанышымда шек болған жоқ дейді.

ВАСИЛИЙ ЛАЗАРЕВ, Заречный кентінің тұрғыны:

– Үйім 5 млн 600 мың теңгеге бағаланды. Баспана 1 айға жуық суда тұрды. Жұмыс тобына алғысым шексіз. Осылай қалыпқа келтіреді деген үш ұйықтасам түсіме кірмеді. Тіпті, демалыс күндері де тоқтамай жұмыс істейді. Құрылыс менің айтқаным бойынша жүріп жатыр. Күнде келіп өзім де көмектесіп тұрамын. Ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Бірер күнде аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Білікті мамандар әр апта сайын осы маңда сенбілік өткізеді. Бүгінге дейін 4 мың тонна қоқыс жиналған.