Қоғам

“Таза Қазақстан”: Тұңғыш Президент саябағы жиналды

Тазалық – денсаулық кепілі. Қоршаған ортаның мұнтаздай болуына жауапкершілікпен қарау – әрбір жанның басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен петропавлдықтар белсенділік танытуда. Өткен демалыста “Таза Қазақстан” акциясы аясында Тұңғыш Президент саябағында тағы бір сенбілік өтті.

ЖҰЛДЫЗ ТОҚТАРҒАЗЫ, қоғам белсендісі:

– Табиғат аясына шығу – ең жақсы демалыстардың бірі. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып тазалық жұмыстарына шықтық. Демалыс күні болғанына қарамастан біраз адам жиналдық.

Қала шырайын шұғылалы ету мақсатында өткен шараға түрлі ұйым өкілдері қатысты. Әрбір ұжым өздеріне берілген аумақты тап-тұйнақтай етіп тазалап шықты. Игі істен қала тұрғындары да қалыс қалмады. Соның бірі – Асанәлі Таласпай.

АСАНӘЛІ ТАЛАСПАЙ, қала тұрғыны:

– Мен негізі саябаққа серуендеуге шыққанмын. Жұмыс істеп жатқан адамдарды көріп, жай өтіп кете алмадым. Тазалық жұмыстарына жиі қатысамын.

Сенбілікке бірнеше техника тартылды. Айта кету керек, аталған акция басталғалы барлығы – 200 тоннадан астам қоқыс жиналды.