Қоғам

СҚО-да ішімдік ішкен әкім жұмыстан шығарылуы мүмкін

Мемлекеттік қызметке кір келтірген мемлекеттік қызметші! Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Тайынша ауданына қарасты Чкалов ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қарады. Ағымдағы жылдың 27-ші қаңтарында Сәкен Сәдуақасов Көкшетау қаласында көлікті мас күйінде басқарған. Бұл жайт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

АБЗАЛ ОРАЗЫМБЕТОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысымен Сәкен Төкенұлы Сәдуақасов кінәлі деп танылды. Ол 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылды. Сонымен қатар, 15 тәулікке қамауға алынды.

Сәкен Сәдуақасов заңның ала жібін аттағанын мойындады. Оның сөзінше, шенеунік ауладағы көлікті бір жерден екінші жерге қойған.

СӘКЕН СӘДУАҚАСОВ, Чкалов ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Бұл айтылған мені ақтамайды. Қосқым келетіні, менің ешқандай арам ойым болған жоқ. Полицейлер келген кезде ауладағы көлікті бір жерден екінші жерге қою қажеттілігі туындағанын айттым. Жазаға тартылдым. Тиісті барлық шарамен келісемін.

Отырыста әдеп жөніндегі кеңес мүшелері де сөз алды. Олардың пікірі екіге бөлінді.

СЕЙІЛХАН СЕРІКБАЕВ, облыс әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі:

– Мен әдеп жөніндегі уәкіл ретінде мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға міндеттімін. Өкінішке қарай, мына жерде мен ақтай алмаймын. Бұған дейін 2 сөгісі болған. Енді шешімді өздеріңіз қабылдайсыздар.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі:

– Жасым үлкен адам болғаннан кейін балалардың, інілердің жақсы болғанын қалаймын. Елге қызмет істесе дейміз. Сондықтан, бір мүмкіндік беруге болатын сияқты.

Облыс түгілі күллі елге танылған шенеунікке қатысты кеңес мүшелері мынандай шешім шығарды: 3 адам – жұмыстан шығару, 2 мүше қатаң сөгіс жариялау жөнінде дауыс берді. Ал 1 қатысушы жұмысына толық сай емес деген пікірмен келісті. Ұсыныс аудан әкіміне жолданады. Қоса кетейік, келер жылдың көктемінде Чкалов ауылдық округінде әкім сайлауы өтпек.

 

Байболат Құлтанов