Қоғам

Комсомол ауылдық округіне – 70 жыл

Комсомол ауылдық округіне – 70 жыл. Осыған орай ауыл тұрғындары жиылып, жомарт жандардың көмегінің арқасында айтулы мерейтойды атап өтті. Елді мекен – аудандағы шоқтығы биік аймақтардың бірі. Жарты ғасырдан астам тарихы бар округтің мерейтойы мерекелік концерттен бастау алды. Өнер көрсеткен аудандық өнерпаздар мен жеткіншектердің айтқан өлеңдері мен билеріне қарасаң көз сүйсінеді. Осынау әсем көріністі тамашалап отырған жандардың да қарасы қалың. Жиынға аудан әкімінің өзі келіп, ауыл адамдарын мерекемен құттықтады.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

– Сіздердің елді мекендеріңізде инфрақұрылым жақсы дамыған. Соның арқасында аудандық, облыстық іс-шараларды өткізе аламыз. Соңғы 7 жылда атқарылған жұмыс өте көп. Мектептеріңіз бен бірнеше көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта тағы біршама абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз.

Мерейтой барысында аудан әкімі ауылдың өркендеп дамуына үлес қосқан бір топ азаматты марапаттап, өзінің игі істерімен тарихта қалған ардагерлерге сый-сыяпат жасады.

ТӨЛЕГЕН БАЙДАЛИН, ауылдық округ әкімі, Тимирязев ауданының әкімі:

– Округте барлығы – 486 адам тұрады. Ауылдың ішінде барлық жағдай жасалған. 26 су құбырын орнаттық. Балаларға арнап ойын алаңдарын жасадық. Алдағы уақытта елді мекеннің барлық көшесіне күрделі жөндеу жүргіземіз.

Салтанатты жиын волейбол жарысымен жалғасын тапты. Сайысқа 4 құрама қатысты. Командалар жарысқа жауапкершілікпен қарап, үздік атануға барын салды. Әр ойын тартысты өтті.

МАКСИМ ФЕДОРОВ, жарысқа қатысушы:

– Осы спорт түрімен айналысқаныма 15 жыл болды. Бірінші ойында жеңіске жеттік. Жарыс чемпионы атанамыз дегенге сенімім мол. Сайыс әділ өтеді деген ойдамын. Қазылық етіп отырған төрешілер – білікті мамандар.

Жарыс қорытындысы бойынша Степной ауылдық округінің құрамасы чемпион атанды. Жеңімпаз бен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.