Қоғам

Қалалық “Мерейлі отбасы” байқауы өтті

Берекелі жанұя – еліміздің болашағы, ал береке – ұйымшылдықта.
Өңірде жанұялар өз отбасылық құндылықтарын паш ететін «Мерейлі отбасы» байқауы өңірде дәстүрлі түрде жылда ұйымдастырылады. Биыл қалалық байқауда 6 отбасы бақ сынады. Әрқайсысы өздері жайлы бейнематериал көрсетіп, өмірлік ұстанымдары жайлы баяндады.

ҚАЛИЯ ТҮРЕНОВА, қала әкімінің орынбасары:

– Бұл – байқаудың 1-ші кезең болып саналады. Келесісі – облыстық байқау. Сайысқа қатысып жатқан отбасылардың барлығы үлгілі әрі өнерлі. Бәрі жақсы дайындалып келген. Соңында жинаған ұпайларын санаймыз.

Қазылар алқасы жанұялардың әр сында терген ұпайларын қағазға түртіп алып отырды. Содан нәтиже құралып, жеңімпаз анықталады. Барлығы асыға күткен жеңімпаз – 5 бала тәрбиелеп отырған Абдиндер отбасы.

ГҮЛСИНА АБДИНА, байқау жеңімпазы:

– Бұл – біз үшін зор жетістік. Осындай отбасылық байқауларға жиі қатысамыз. Мұндай шаралар отбасындағы әрі қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтады. Біздің жанұямыз үлкен әрі өте ұйымшыл. Отбасы болғаннан кейін көпбалалы болу керек деп ойлаймын. Өзім мұғаліммін, жолдасым әскери адам, немере көріп отырмыз. Екі балам жұмыс істейді, өз нанын өздері тауып жүр. Қалғандары әлі мектепте оқиды.

Жүлделі орындарға ие болған отбасыларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал жеңімпаз – Абдиндер отбасы шілде айының соңында өтетін облыстық байқауға қатысады.

 

Мәдина Қаби