Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қоғамдық қабылдау өткізді

Жаңғырығы айлық жерге естілген Чернобыль апатын жұрттың бәрі біледі. Оның зардабын жоюға 4300 солтүстікқазақстандық қатысқан. Өкінішке қарай, бүгінде олардың 200-ге жуығының ғана көзі тірі. Назар аударарлық жайт, солардың ішіндегі 4 азамат әлі күнге дейін баспаналы болмапты. Мәселені облыс әкіміне ардагер Юрий Глумов жеткізді.

ЮРИЙ ГЛУМОВ, Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан ардагер:

– Біздің жігіттер 10-14 жылдан бері кезекті тұр. Үйлер жылда тапсырылуда. Алайда, мәселе шешілер емес. Жауаптылармен кездестік, тілдестік, бәрі уәде күйінде қалып отыр. Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы айтқаны бар. Ол алдағы 3-4 жылда Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандар арамызда болмайды деген еді. Өзіңізге бұйымтаймен келіп отырмыз.

Сонымен қатар, жерлесіміз ардагерлерге жер беруді және бас қосу үшін кабинет сұрады. Соңғысын оңай шешуге болады. Облыс әкімі орынбасарларына тапсырма берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қорғаныс істері жөніндегі департамент қабырғасынан кабинет бөліңіздер. Бұл жандар идиологиялық, патриоттық бағытта ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өздері жиі жиналып, туындаған мәселені, жоспарды талқылауы тиіс. Бұйымтай жақын арада орындалуы қажет.

Қалған 2 мәселеге қатысты да сөз қозғалды. Өкінішке қарай, бұлар бүгін-ертең шешілмейді.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беруді жоспарлаған едік. Төтенше жағдайға байланысты ойлағанымыз жүзеге аспай қалды. Жалпы, жер үшін де, пәтер үшін де бұл жандар кезекке тұруы керек. Бұл – заң талабы. Тізімді қарап шықтық. Қазір ардагерлердің бірі 59-шы сатыда тұр. Ол биыл баспаналы болады.

Облыс әкімімен кездесуге екінші болып кірген Асқар Нұғұманов та тұрғын үй мәселесін көтерді. Есілдік азаматтың үйінің жанында астық сақтау орны тұрғызылыпты. Бұл көпбалалы отбасыға айтарлықтай кедергі келтіруде.

АСҚАР НҰҒҰМАНОВ, Есіл ауданының тұрғыны:

– 7 балам бар. Құрылыс жүргізілген осы 2 жылдың ішінде балаларым аурушаң болып кетті. Басқа жерден баспана берілсе жақсы болар еді. Сізден көмек сұрап келіп отырмын.

Бұл мәселеге қатысты Есіл ауданының әкімі Мереке Мұхамедияров пікір білдірді.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Асқар мырза астық сақтау орны заңсыз құрылыс екенін алға тартты. Мен істің барлығы заң жүзінде жүргізілгенін хабарлаймын. Қоршаған ортаға келтірер қаупі де жоқ. Біз тұрғынның шағымын қарадық. Әкімдік жалпы ауданы 88 шаршы метрді құрайтын үй сатып алып, Асқар Жайлаубайұлына ұсынды. Баспананы ішінде барлығы бар, сыртында да қажетті нысандар тұрғызылған. Бірақ, шағымданушы бас тартты. Ол үйдің өз атына жазылғанын қалайды.

Құжаттармен жіті танысқан аймақ басшысы жерлесімізді аудандық әкімдік ұсынысын тағы бір қарауға немесе сотқа жүгінуге шақырды. Кезекті қоғамдық қабылдауда қаладағы дәмханалардың бірінің жұмыс уақытын шектеу жайы да қаузалды. Ала таңға дейін келуші мен кетушіге есігін айқара ашатын көңіл көтеру орны жақын маңдағы тұрғындардың әбден мазасын қашырған. Сонымен қатар, диалог алаңында “Дәрігер үйіндегі” пәтерлерді тұрушылардың иелігіне өткізу мәселесі көтерілді. Өңір жетекшісі қос проблеманы жіті тыңдады, тараптардың пікіріне құлақ асып, жауаптыларға өгіз өлмейтіндей, арба сынбайтындай шешім қабылдау қажеттігін баса айтты.

 

Байболат Құлтанов