Қоғам

Есілдік жұмыс тобы 5 үйді қалыпқа келтірді

Былғары зауыты кентінде жұмыс қызу жүріп жатыр. Аталған елді мекенде Есіл ауданынан келген механикалық бригада тер төгуде. Жалпы, есілдік жұмыс тобы 101 баспанаға жауапты. Іске 15 техника мен 35 адам жұмылдырылған. Атқарған жұмыстарын бас бармақпен бағалауға тұрарлық. Ауқымды шаруа тындырған, тіпті тұрғындармен да тез тіл табысып кетіпті.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Бізге берілген 101 үйдің 66-сы тұруға жарамсыз деп танылды. 34 баспананы сүрдік. 5 үйде құрылыс жұмыстары аяқталды.

Бұл – Тамара Омарованың баспанасы. Үй жаңадан салынған. 70 жастағы нәзікжандының баспанада тұрып жатқанына 5 жыл ғана болған. Апат кезінде су терезеге дейін жетіпті. Қазір баспанада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бір-екі күнде үйге кіруді жоспарлап отыр.

ТАМАРА ОМАРОВА, Былғары зауыты кентінің тұрғыны:

– Алғыстан басқа айтарым жоқ. Үй кепкеннен кейін 15 күннің ішінде барлығын жасап берді. Үйді мен қалағандай жөндеп жатыр. Құрылыс басталғалы басы-қасында жүрмін. Бұлай жөндеп береді деп ойламадым.

Бүгінге дейін есілдік мамандар 5 мың тонна қоқыс шығарған. Әр апта сайын сенбілік ұйымдастырып тұрады екен.