Білім

300-ден астам колледж студенті қолына диплом алды

Біреуі оқуға түсіп жатса, ал енді бірі оқу орнын аяқтауда. Бүгін Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінде ерекше сәт. Қазір білім ордасын ойдағыдай бітірген 140 студентке диплом берілмек. Солардың қатарында энергетика мамандығын қызыл дипломмен тәмамдаған Әділхан Үсенов те бар. Жас жігіт білім ұясын бітірмей бірден 2-ЖЭО жұмысқа орналасқан. Кәсіпорында 4 ай еңбек етуде.

ӘДІЛХАН ҮСЕНОВ, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің түлегі:

– Практика кезінде 2-ЖЭО-ға жұмысқа орналастым. Ол жерде үлкен тәжірибе алып жүрмін. Сол кәсіпорынға орналасуға көмектескен – осы колледж өкілдері. Жалпы, ер бала болғаннан кейін энергетика саласын таңдадым.

Оқу бітіріп жатқан түлектер – машина жасау және энергетика мамандығының ұл-қыздары. Түстен кейін екінші лек қолдарына диплом алмақ. Қуаныш пен қимастықты қатар сезінген ұл-қыздардың бойында қобалжу басым. Оқу орны түлектерді жұмысқа орналастыруға міндетті емес, алайда, жастарға қол ұшын созады. Бүгінгі таңда колледждің 2 түлегі «ПАМЖЗ» АҚ-ында жұмыс істейді.

АНАТОЛИЙ ФУРМАНЮК, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің директоры:

– Біз «ПАМЖЗ» АҚ кәсіпорнымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Кадр мәселесі болса шешіп беруге дайынбыз. Осы оқу орнын тәмамдап кеткен біраз ұл-қыздар сонда жұмыс істеуде. Бірлесіп колледжге қажетті дүниелерді аламыз. Жуырда «Жас маман» бағдарламасына қатысып, заманауи құрал-жабдықтар иелендік.

Жалпы, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжін 300-ден астам студент тәмамдап жатыр.

 

Гүлден Сембаева