Білім

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде құжат қабылдау жүріп жатыр

Биыл 9-сыныпты аяқтаған Валерия Фельдман Петропавл жоғары құрылыс- экономикалық колледжіне түспекші. Таңдаған мамандығы – заңгер. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ таңдауын айқындап қойған жас қыз бүгін білім ордасына келіп, қажетті ақпарат алды. Енді құжаттарын жинамақшы.

ВАЛЕРИЯ ФЕЛЬДМАН, талапкер:

– Мұнда менің туған әпкем оқыған болатын. Ойдағыдай аяқтап шықты. Өзім заңгер мамандығына түскім келеді. Себебі, адам құқығы тақырыбы бұрыннан бері қызықтырады. Жүрегім қалағанын таңдап отырмын.

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде мектеп түлектерін қыбылдау жұмысы маусымның 25-і басталған. Талапкерлердің құжатын 8 маман қабылдап алады. Биыл оқу ордасына 12 мамандыққа 300-ден астам грант бөлініп отыр. Былтыр да осынша көлемде грант игерілген.

СӘКЕН КӘКЕН, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы:

– Біздің колледж 5 бағытта жұмыс істейді. Оның ішіне технологтар, құрылыс пәні бойынша шебер, жобалаушы және бухгалтерлер кіреді. Сондай-ақ, заңгерлер мен программистерді дайындайды.

Білім ордасында студентке арналып тиісті жағдай жасалған. Мұнда 50-ден астам мамандандырылан кабинет, 7 зертхана, 11 шеберхана бар. Жатақхана да қарастырылған. Колледжді биыл 300-ден астам түлек бітіргелі жатыр. Арасында жамбылдық Арина Мұсаинова да бар.

АРИНА МҰСАИНОВА, колледж түлегі:

– Мен бұл колледжді 3 жыл оқып, аяқтайын деп отырмын. Аспаз мамандығын алып шығамын. Білім ордасына алғаш келгенде түрлі лабараториялық кабинеттерді көріп, таңқалдым.

Жалпы, бұл білім ордасы – дуалды оқыту жүйесін қолға алған колледждердің бірі. Студенттер уақыттарының көп бөлігін аудиторияда емес, қаладағы өндіріс ошақтарында өткізеді. Есесіне олардың өз мамандығына сай жұмыспен қамтылу көрсеткіші де артқан. Өткен жылы қолдарына диплом алған студенттердің 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.

 

Ақжүніс Мұқатай