Экология

Орман шаруашылығы мамандарының семинары

Ағашты қалай кесіп, оны орманнан қалай шығару қажет? Оны тұрғындарға берудің өзіндік есеп-қисабы мен тәртібі бар. Бүгін іргедегі Мещан орманында орман шаруашылықтары мамандарының семинары ұйымдастырылды. Басқосу диалог ретінде өтті. Зада Аманжолова Қызылжар ауданына қарасты Соколов орман шаруашылығында бақандай 15 жыл бойы инженер болып еңбек етеді. Өз саласының жілігін шағып, майын ішкен маман өтіп жатқан жиын тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді дейді.

ЗАДА АМАНЖОЛОВА, Соколов орман шаруашылығының инженері, Қызылжар ауданы:

– Кәрі өскен ағаштарды басты мақсатқа кесеміз. Оны дұрыс, тәжірибесі мол адам шығару қажет. Жәй шығара салуға болмайды. Құжаттары болуы тиіс.

Көбінесе жас желектің дені санитарлық жағдайда кесіледі. Яғни оған ауруға шалдыққаны, құрт түскені кіреді. Жапа шеккен өсімдік құрылыс материалдарында да пайдаланылады. Мәселен, орман ішінде белгілі бір ағаштарға сан жазылғанын көруге болады. Ол ағаштың әлі өсіп-жетілмегенін білдіреді, яғни оған араның тісін тигізуге болмайды.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, Қызылжар орман шаруашылығының директоры:

– Бізде OrmanKZ деген сайт бар. Сол арқылы біз ормандарды көріп отырамыз. Біздің мекемеде 68 мыңнан астам гектарлы жер бар. Оның ішінде 4 мыңнан астамы Петропавл қаласындағы орман алқабы болып табылады.

Ағашты кесу процесі уәкілетті органның рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Заңға қайшы әрекет тіркелген жағдайда ара ұстаған адамға айыппұл салынады.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, Қызылжар орман шаруашылығының директоры:

– Әр орманшы белгілеген аумағын қорғап жүреді. Техникамен рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Жазда өрт маусымының қауіпсіздік кезеңі. Шара сәуір айынан бастап бірінші қар түскенше дейін жүреді.

Жалпы, облыста 12 орман шаруашылығы бар. Біреуін алатын болсақ, Қызылжар орман шаруашылығының бір өзінен жылда тұрғындарға отынға 27 мың текше метрі бөлінеді. Орнына жас көшеттер егіледі.

 

Гүлден Сембаева