Sailau banner

Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі БАҚ өкілдерін мерекелерімен құттықтады

Әдетте шенді мен шенеунік бас қосатын облыс әкімдігіндегі кең залда жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері төбе көрсетті. Мұнша редактор, тілші мен операторды күнде көрмейсің. Сала үздіктері кәсіби мереке қарсаңында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтауын қабылдау үшін жиылып отыр. Аймақ басшысы атақты жазушы Шерхан Мұртаза жоғары бағалаған жандардың қоғамдағы рөлін, еңбегін тілге тиек етті, алғысын да білдірді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы су тасқыны кезінде журналистер күні-түні жұмыс істеді. Ақпарат берді. Бұл – үлкен ерлік. Қоғамда өзекті мәселелерді көтеріп, өңірдің дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін!

Кәсіби мерекеде бір топ БАҚ өкілі облыс әкімінің қолынан марапат алады. Игі дәстүр биыл жалғасын тапты. Аты-жөні аталып, ортаға салтанатты түрде шақырылғандарға Ғауез Нұрмұхамбетов Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыс етті.

Салтанатты шарада құрметке бөленгендердің бірі – МТРК арнасының редакторы Байболат Бектемірұлы. Ол тілшілік қызметтің қыр-сырын 25 жылдан астам тарихы бар арнамызда меңгерді. Бүгінде өңір жаңалықтарын көрерменге ұсынып жүр. Білген-түйгенін жас ізбасарларына үйрету де әріптесіміздің міндетіне кіреді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, МТРК телеарнасының редакторы:

– Журналистика саласында тер төгіп жүргеніме 10 жыл болды. Соның басым бөлігі МТРК арнасында өтті. Бұл – қызығы мен шыжығы қатар жүретін сала. Аянбай еңбек ету керек. Бүгін облыс әкімінің қолынан марапат алып, төбем көкке жетіп отыр. Елімізде тек жақсылық болсын!

Шара соңында облыс әкімі жергілікті БАҚ өкілдерімен естелік суретке түсті.

 

Байболат Құлтанов