Мәдениет

Мағжанға арналған халықаралық конференция

“Мағжан Жұмабаев. Тұлға. Әдеби үрдіс және тілтаным. Бүгін осындай атаумен жергілікті университет қабырғасында халықаралық ғылыми конференция өтті. Бұл жиын сезімі сәруар ақын, алаш қайраткері М. Жұмабаевтың 131 жылдығына арнап өткізіліп отыр. Шараға теріскейлік және басқа қалалардан келген ғалымдар қатысты.

БОТАГӨЗ ТАУҚҰДІРЕТОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ “Тіл және әдебиет” кафедрасы директорының орынбасары:

– Бұл біз үшін аса маңызды. Себебі, теріскейлік ақын шығармалары ешқашан ұмыт қалмауы қажет. Конференцияға өзбекстандық, түркиялық, ресейлік білікті мамандар онлайн түрде қатысады. Университет студенттері де дайындаған баяндамаларын көпшілікке ұсынатын болады.

Келген меймандар біраз жылдар бойы Мағжанның туындыларын зерттеген. Мағжан – Түркия еліне де танымал тұлға. Түрік халқы ақынды аталған мемлекет тағдырына алаңдап жазған “Алыстағы бауырыма” атты тарихи өлеңі арқылы біледі екен. Жиынға университет студенттері де қатысты. Спикерлер оларды отансүйгіштікке шақырды. Себебі, ақын өз шығармаларында жалындаған жастарға көп сенім артқан. Оны “Мен жастарға сенемін” өлеңінен көруге болады. Ақмола облысынан келген ұстаз Ғарифолла Әбілқасов та осы сияқты конференциялар өз өңірінде көптеп өткізілгенін қалайды. Білікті ұстаздың университет қабырғасында Мағжантану курсын ашпақ ойы бар. Көптеген конкурстар ұйымдастырып, сол арқылы жастардың қызығушылығын оятқылары келеді екен.

ҒАРИФОЛЛА ӘБІЛҚАСОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы:

– Біздің университетте де Мағжанның еңбегі жайында айтылады. Конференцияларға жиі қатысып тұрамыз. Мағжан, Сәбит, Ғабиттің елінде осындай іс-шаралар өткізілгені заңдылық деп айта аламын.

Халықаралық жиында 10-нан астам баяндамашы Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеулерімен бөлісті.