Айыртау ауданындағы Лобаново ауылында өткен жылдың желтоқсан айында дәрігерлік амбулатория ашылды. Мұнда қазір Лобанованың ғана емес, жақын маңдағы Шалқар, Әлжан және Заря ауылдарының тұрғындары келіп қаралады. Алты айдың ішінде ақхалаттылардың көмегіне 1600 азамат келіп жүгінген. Дәрігерлік амбулаторияда 5 адам жұмыс істейді: жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер, акушер, медбике және әлеуметтік қызметкер. Нысан қажетті құрал-құрылғылармен қамтылған. Күніне мұнда 15 адамға дейін қабылдауға болады. Қос төсектен тұратын стационары бар. 16 кабинеттің біреуі – дәріхана. Тұрғындардың жергілікті жерде көрсетілетін медициналық қызметке көңілдері толады. 282 млн теңгенің нысаны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салыныпты. Партиялық жол картасы аясында өңірде өткен жылы осындай 8 медициналық нысан тұрғызылған.