Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Сауда және интеграция министрі – Петропавлда

Өңірге Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келді. Жұмыс сапары аясында ведомство басшысы әкімдікте кездесу ұйымдастырды және өндіріс пен сауда орындарын аралады. Ел тұрғындары дүкенге бас сұққанда қолдағы себетке өзге емес, өзіміздің азық-түлікті салуы тиіс. Ол үшін қазақстандық кәсіпкерлер аянбай тер төгуі міндетті. Бұл бағытта мемлекет көмекті аяп қалып жатқан жоқ. Цех ашуға, қондырғы алуға жәрдем бар. Өз кезегінде бизнес отандық тауарды тонналап ұсынуы тиіс. Министр осыған баса назар аударды.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Мемлекет кәсіпкерлерге қандай қолдау жасайды? Бұл маңызды мәселе. “Қолжетімді сауда сөресі” деп айтамыз. Aimer дүкенін аралап шықтық. Өзімізде өндірілетін сүт, ет өнімдері сөрелерде бар.

Солтүстікқазақстандық өндіріс ошақтарына индустриялдық сертификацияландыру бойынша көмек керек. Министр сапар барысында осыған көз жеткізіпті. Енді мәселе жіті қаралады. Теріскейлік сала өкілдері қолдаусыз қалмайды.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Сапарымыз өте сәтті өтті. Біз нақты проблемаларды талқыладық және шешу жолдарын қарастырдық.

Министрлік ұсыныс қабылдауға, көмек көрсетуге дайын. Ведомство басшысы осыны айтты. Сонымен қатар, баға саясатын ұдайы назарда ұстауды тілге тиек етті.

 

Байболат Құлтанов