Қоғам

Биыл өңірде 17 жолдан кемшілік анықталды

Қазір қаладағы Болатбаев көшесінен бастап Шуховқа дейін жол жөнделіп жатыр. Жауапты мердігер -“Гранит Север”. Бұл аралыққа 263 млн теңге бағытталып отыр. Жөндеу жұмысының қарқыны мен сапасы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қолға алынған «Бюджеттік бақылау» акциясы барысында бір қаралды. Жемқорлықпен күресіп жүрген мамандардың мақсаты – бармақ басты, көз қыстылыққа жол бермеу, бюджеттен бөлінген әр тиынның тимді жұмсалуын қадағалау.

РУСЛАН АСАУБАЕВ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық» РҚБ СҚОФ басшысы:

– Өткен жылы жол жөндеуге шамамен 4,8 млрд теңге бөлінгенін анықтадық. Жолды салғырттықпен жасаған мердігерлерге ескерту берілді. Қалалық ТҮКШ бөлімі мұндай жұмыстарды неге қабылдайды? Биыл жол жөндеуге қыруар қаржы қарастырылған. Мердігерлердің тарапынан жобаны тапсыру мерзімі сақталып жатыр ма? Сұрақ көп. Жолдың неге осы күнге дейін сапасыз жасалып келе жатқандығын анықтағымыз келеді.

Жол құрылысында кемшілік баршылық. Биыл өңірде Жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының өкілдері 17 аумақтан кемшілік тапқан. Мердігерлер жағдайды тез арада түзетеміз деп уәде беріпті.

НИНА УСЕНКО, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Өткен жылы қалада осындай түрлі 7 ақау анықталды. Міндетін сапасыз орындаған мердігерлерге талап-арыз хаттары жолданды. Оларға тиісті төлем төленген жоқ. Қолмен істеген істі мойынмен көтеру керек. Яғни, мердігерлер кеткен кемшілікті түзеулері керек.

Айта кетейік, биыл Петропавлда 53 көше жөнделеді. 40-қа жуығына асфальт төселеді.

 

Гүлден Сембаева