Білім

Жас педагогтерге арналған слет

Жас келсе, іске. Бүгін Оқушылар сарайының қабырғасында жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жас педегогтердің слеті өтті. Жыл сайынғы дәстүрге айналған игі шараға өңірдің әр аймағынан көзі ашық, көкірегі ояу ұстаздар жиналып отыр.

РОЗА СӘРКЕН, СҚО білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:

– Слеттің негізгі мақсаты – академиялық адалдықты, педегог этикасын сақтап, сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін және қоғамдағы педагог мәртебесін арттыратын заманауи ұстаз бейнесін қалыптастыру.

Мұғалімдерге арналған слетке өңірдің 7 ауданынан 60-қа жуық маман келді. Әрқайсысы – ұстаздық жолды енді бастаған қыз-жігіттер. Мәден Қазжанов қаладағы білім ұяларының бірінде 2 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біреуге аз, біреуге көп көрінетін уақыттың ішінде талай дүниені үйрендім дейді.

МӘДЕН ҚАЗЖАНОВ, Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназия-интернатының география пәні мұғалімі:

– Бүгінгі жиынға ұстаздық жолда ерен еңбек еткен ұстаздар келіп сөз сөйлеуде. Олардың айтқандарын ойымызға түйіп, алға мақсат қойып, жігер алып жатырмыз. Ұстаздық жол қажымас қайратты талап етеді. Біз жас маман ретінде ешқашан шаршамауымыз керек.

Ұстаздық жол – қиын жол. Бұл туралы бүгінгі жиынға келген тәжірибелі ұстаздар толығырық айтып, жас буынмен тілдесті.

АЛЁНА МАЛЬГАЕВА, облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Өкінішке қарай, біз – алдыңғы буын өсіп келе жатқан ұстаздармен көп кездесе бермейміз. Мұндай жиындар нағыз мұғалім қалыптастыруға ықпал етеді. Көпжылдық өтілі бар ұстаздар ауыр саланың жүгін арқалаған ұл-қыздарға кеңес беріп, көмек көрстуге дайын болуы қажет.

Жалпы, өңірде 5 жылдан аз жұмыс өтілі бар 3 мыңдай педагог жұмыс істейді. Оларға арналған мұндай жиындар жыл сайын өткізіліп тұрады. Көбі слетте бұған дейін бой көрсетсе, енді бірі алғаш рет келіп отыр.

 

Ақжүніс Мұқатай