Мәдениет

Халық ақыны Уахит Темірбековтың туғанына – 120 жыл

Қызылжар өңірінен небір айтулы ақын-жазушылар, дүлдүлдер мен дана тұлғалар шыққан. Теріскей өңірі ұлы тұлғалардың мекені екенін тағы бір мәрте айшықтай түсетін біртуар жан – Уахит Темірбеков. Айтыс сүлейлерінің бірі саналатын жанның туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық кітапханада “Өмірді өлеңімен өрнектеген ақын” атауымен поэзия кеші өтті.

САМРАТ ҚҰСКЕНОВ, ақын:

– Облыстың халық ақыны атанған Уахит Темірбековтың 120 жылдығы – барша солтүстікқазақстандықтардың мерекесі десек қате айтқаным емес. Себебі, Қызылжар өңірінде айтыс төрге шықса, соған себепкер болған Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, Темірғали Қасенов сынды тұлғалардың қатарында Уахит Темірбековтың орны айрықша.

Уахит Темірбеков ақындық өнерден де алыс болмаған. Бірнеше жыр шумақтары бүгінгі “Солтүстік Қазақстан”, кешегі “Ленин туы” газетінде жарық көрген. “Жаңбырлы түнде”, “Байназар” атты поэмалары – бүгінгі күнге жеткен туындыларының бірі. Ұйымдастырылып отырған жиынға тау тұлғаны көзімен көргендер келіп отыр.

БАЯН ЖҰМАДИЕВА, досының қызы:

– Міне, мына жерде Уахит Темірбеков пен менің әкем қатар отыр. Барлығы халық ақыны. Айтысқа қатысатын. Шамамен жасым 9-да болғанда көргенмін. Осы кісілердің барлығын көрдім. Үнемі әкемнің жанында жүретін едім. Әкем үнемі бірінші орын алатын.

Ақын 77 жасында дүние салды. Айта кету керек, 2004 жылы тұлғаның туғанына 100 жыл толуына орай “Асыл мұра” орталғының іргетасын қалаған Ғалым Қадыралин “Бір өліп, бір тірілдім” атты жыр жинағын құрастырған.

 

Ақжүніс Мұқатай