Sailau banner

Қоғам

Еріктілерге арналып кино кеші ұйымдастырылды

Үнемі қарбалас жұмыстың ішінде жүретін еріктілер кеше бір сәт демалуға мүмкіндік алды. Оларға арнап Достық үйінде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен кино кеші ұйымдастырылды.

ДАРИҒА СМАИЛОВА, облыстық ҚХА жастар қанатының төрағасы:

– Баршаңызға белгілі су тасқыны кезінде волонтерлер көп жұмысты тындыруға көмектескен болатын. Соларды сәл де болсын қуантайық, көңіл бөлейік деп кино кешін ұйымдастырып отырмыз. Сондай-ақ, шарада 10 шақты белсендіні “Қоғамдық келісім” және өңірлік ҚХА атынан марапаттайтын боламыз.

Бұл күні жастардың бірқатары атқарған еңбектері үшін арнайы алғыс хатпен марапатталды. Арасында қатарға табиғи апат кезінде қосылған студент Дарина Малдыбаева бар.

ДАРИНА МАЛДЫБАЕВА, Ассамблея жастары өкілдігінің белсендісі:

– Су тасқыны басталғалы волонтер болып жүрмін. Адамдарға керекті заттарды апарып беріп, көмек көрсеттік. Біз бүгін басқа да еріктілермен бірге кино көреміз. Өте қызық болады деп ойлаймын.

Еріктілерге аты аңызға айналған музыкалық ансамбль “Дос-Мұқасан” туралы көркем драма ұсынылды. Аты жалпақ жұртқа жақсы таныс топ туралы туындыны қыз-жігіттер қолдарына попкорн ұстап, тапжылмай тамашалады.

 

Ақжүніс Мұқатай