ТЖ

БАҚ өкілдері өрт сөндірушілердің тыныс-тіршілігімен танысты

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– БАҚ өкілдері күніне орай өрт сөндірушілер “Ашық есік күні” шарасын ұйымдастыруда. Бұл қаһарман жандарды бүгінгі күннің батырлары десем артық айтқаным емес. Қиындығы мол жұмыста олар өздерінің өмірін қауіпке тігіп, адамдарды құтқарады. Тілшілер мұнда аз уақыт қана болып, білікті мамандардың тыныс-тіршілігімен таныспақ.

Бүгін өңірлік телеарналардың қызметкерлері қалалық 2-ші өрт сөндіру бөлімінде болып, өздерін бір уақыт сол саланың маманы ретінде сезінді. Ең бірінші тілшілер ғимарат ішін аралады. Өрт сөндірушілер апаттық жағдай туындағанда қолданатын құрылғылармен таныстырды.

Содан соң БАҚ өкілдері құтқарушылардың арнайы киімін киді. Мамандар оқыс жағдай болған кезде 1 минуттың ішінде дайын болуы тиіс. Жалындаған отқа суды да дұрыс шашу керек екен. Су бойлайтын ауыр шлангыны көтеру де оңай емес. Бұдан 1 секунд ішінде 8 литр су шашырайды. Осының бәрін бүгін тілшілер өз көздерімен көріп, құтқарушылардың қиын жұмысын таразылады.

АЗАТ ҚҰРМАШ, “Первый Северный” телеарнасының тілшісі:

– Біз барлығымыз өрт сөндірушілердің күнделікті істейтін жұмысымен таныстық.

НҰРАСЫЛ ЕРЖАНҰЛЫ, тілші:

– Менің үстімде тұрған киімнің салмағы 30 келіні құрайды. Бұл – өрт сөндірушілердің күнделікті жаттығуда немесе қызметте киетін киімі. Біз осыдан-ақ қаһарман жандардың жұмысы қандай қиын екенін көре аламыз.

Осы орайда біз білікті маман Асхат Жамбыловпен тілдестік. Оның өрт ауыздықтап келе жатқанына 25 жыл болыпты.

АСХАТ ЖАМБЫЛОВ, қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға құтқарушысы:

– Бөлімде 6 техника бар. Барлығы – 58 адам істейді. 2 ауысымда еңбек етеміз. Биыл 14 өртті сөндірдік. Біз үшін адамдардың қауіпсіздігі аса маңызды.

Жиын соныңда мамандар осы шарада белсенділік танытқан БАҚ қызметкерлерін марапаттады.