Мәдениет

Қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін қазақтың ақиық ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың туған күні. Осыған орай қаламыздың өнерпаздары мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген сахна саңлақтары Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақынды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Шара барысында облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантайұлы тарихи тұлғаның журналистік қырына тоқталды.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, журналист, облыстық мәслихат депутаты:

– Бізде “Солтүстік Қазақстан” деген облыстық газет бар. Тарихы – 105 жыл. Сол газеттің алғашқы санын Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов ашқан.

Кеше облыс орталығында «Мағжан оқулары» республикалық байқауы ұйымдастырылған болатын. 3 номинация бойынша 50-ден астам ұл-қыз бақ таластырды. Сайысқа қатысқан ұл-қыздар бүгін дүйім жұртқа Алаш арысының өлендерінен үзінді оқып берді.

Ортада – сонау Абай облысына қарасты Аягөз ауданынан келген Ақерке Нұржан. Бұрымды қыз қазір Мағжанның «Мен кіммін?» өлеңін орындауда. Республикалық байқауда «Өлең-менің шолпаным, айым, күнім» номинациясы бойынша I дәрежелі жеңімпаз атаныпты. Жеткіншек ұлы ақынның 150-ге жуық туындысын жатқа біледі.

АҚЕРКЕ НҰРЖАН, оқушы, Абай облысы:

– Оның өлеңдері өте сыршыл, бірлікке шақыратын, мағынасы өте терең өлеңдер. Маған негізі, ең жақын өлеңі – Түркістан. Бұдан басқа мен Мұқағалидің оқуларына қатысқан болатынмын. Республикалық кезеңге дейін жетіп, сертификатпен оралдым. Оның 135 өлеңін жатқа білемін.

«Ақынды елі елемесе, сол қайғы» дегендей қазақтың маңдайына біткен алаш арысының ұлылылығын ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қарағандылық Шахназ Есенгелді өңіріне ІІІ дәрежелі орын иеленіп қайтпақ. Жасынан оқу оқып, өнер қуған жеткіншек өз номинациясы бойынша Мағжан Жұмабаевтың “Сүйемін” өлеңіндегі ұлттық рухты талдаған.

ШАХНАЗ ЕСЕНГЕЛДІ, оқушы, Қарағанды облысы:

– Ғылыми жоба бойынша 17 бала қатысты. Соның 6-ауы орын иеленді. Жалпы, осы “Сүйемін” өлеңіндегі Отанға деген құрмет, анасына, жарына деген махаббатты айтып өтеді. Оның алдында республикалық байқауларға шығып жүргендіктен қорқыныш сезімі болған жоқ.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, “Қызылжар дарыны” дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Балаларға арнйы экскурсия жасалды. Абылай хан резиденциясына апардық. Сонымен қатар, мұражайға апардық. Еліміздің барлық облысынан 3 баладан келді. Байқау 2 күнге жалғасты.

Бас жүлдені Мағжан Жұмабаевтың 200 өлеңін жатқа білетін Жамбыл облысынан келген оқушы иеленді.

 

Гүлден Сембаева