Ауыл шаруашылығы

Ел билігі СҚО-ның тәжірибесін пайдаланбақ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленді. Құжат Үкіметке бекітуге ұсынылды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Бұл ретте шикізат мәселесін жүйелі шешу маңызды рөл атқарады. Ол үшін билік СҚО-ның агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі индустриалды-инвестициялық жобаларын өзге аймақтарда қолға алмақ. Яғни, теріскейдің тәжірибесін пайдаланбақ. Елде 100 млрд теңгеге 65 сүт-тауар фермасын қаржыландыру жоспарлануда. Бұл жылына 372 мың тонна сүтті қосымша өндіруді қамтамасыз етеді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Бұл шаралар ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған және жалғасын табады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап бағдарлама тағы да бірқатар саланы қамтитын болады. Енді СТФ, суару, көкөніс қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар тағы 8 сала, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары да қаржыландырылатын болады.

Биыл елімізде мал азықтық дақылдардың егіс көлемі 3,4 миллион гектарға дейін ұлғайтылды, бұл 2023 жылғы деңгейден 314 мың гектарға көп. 2026 жылға қарай мал азықтық дақылдардың егіс көлемін 3,6 миллион гектарға жеткізу жоспарлануда.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Өнімділікті арттырудың басты құралы – минералды тыңайтқыштарды қолдану. Мәселен, өткен жылы жыл бойына 670 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, биыл 1,5 миллион тонна тыңайтқыш енгізу жоспарланып, қазірдің өзінде 962,5 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды. Азық-түлік корпорациясы арқылы 235 мың тонна көлемінде жеңілдетілген бағамен шаруаларға сату үшін тұрақты жем-шөп қоры жасақталды. Бұл шаралар өңдеу өнеркәсібін жоғары сапалы, қолжетімді шикізатпен жеткілікті көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкіметке жолданған құжаттағы жоспарды іске асыру тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға жақсы септігін тигізеді, қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

 

Байболат Құлтанов